RU

"Кемі 20 адам қаза тапқан": Экваторлық Гвинеяда қару-жарақ қоймасы жарылды

Оқиға орны
Фото: dailypioneer.com

Экваторлық Гвинеяда ірі порттық қала Батада әскери база жарылды, салдарынан кем дегенде 20 адам қаза тауып, 600-ден астам адам жарақат алды деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көптеген ғимарат толығымен қираған, қалғандарының шатырына зақым келген. Ондаған адам із-түзсіз жоғалғандар санатында.

"Жексенбі күні кешке елдегі қорғаныс министрлігі қару-жарақ қоймасындағы өрттің ірі калибрлі оқ-дәрілердің жарылуына әкеп соққанын мәлімдеді. Эпицентрде әскери казармалар болған. Ал сыртқы істер министрі президенттің келісімімен көрші елдерден көмек сұрады. Жергілікті дәрігерлердің айтуынша, бұл жарылыстар барлық ауруханалардың коронавирус науқастарына толы кезінде болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі тұрғындарды жаралыларға қан тапсыруға, ал медицина қызметкерлерін аймақтық ауруханадағы әріптестерін зардап шеккендерді күтіп-баптауға көмектесуге шақырды", - делінген хабарламада.

Экваторлық Гвинея президенті болған оқиғаға әскерилерді айыптады. Республика басшысының айтуынша, олардың немқұрайлығы мен салғырттығы адамдардың өліміне әкеп соқты. Қайғылы оқиғаға оқ-дәрілерді, динамитті және басқа жарылғыш заттарды сақтауға жауапты бөлімшенің қызметкерлері айыпталды.

Еске салсақ, елімізде Ақмола облысында шахтада болған апат кезінде екі жұмысшы үйінді астында қалған еді. Арқаның ақ бораны кеншілерді таяқ тастам жердегі ауруханаға жедел жеткізуге мүмкіндік бермеді. Ақыры арнайы техника мен құтқарушыларды күтуге тура келген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902374-kemi-20-adam-qaza-tapqan-ekvatorlyq-gvineyada-qaru-zaraq-qoimasy-zaryldy/