RU

«Жасыл» энергетика көмірдің орнын баса ала ма: Сарапшының пікірі

Kazakhmys Energy
Фото: Kazakhmys Energy

Бүгінде дәстүрлі энергия тасымалдаушылар экологиялық таза тасымалдаушыларға жол беріп, уақыт өте келе қолданыстан мүлде шығатындығы жиі айтылып жатады. Энергетика министрлігінің болжамына сәйкес, энергия өндірушілердің негізгі үлесін жаңартылатын энергия көздері құрайтын өзгерістер кезеңі болатын күн алыс емес. Алайда, мамандар бұл жерде де бірқатар қиындықтар бар деген пікірде. NUR.KZ бұл мәселені зерделеп көруге тырысты.

Климаттың өзгеру проблемасы ХХІ ғасырдың басты өзекті мәселесі деп аталуда. ЖЭК-ні (жаңартылатын энергия көздері) пайдалану - бұл жаһандық жылынуға қарсы негізгі қару. Алайда «жасыл» энергияға көшу және энергетикалық кәсіпорындарды техникалық қайта жарақтандыру үлкен шығындарды талап етеді. Сонымен бірге олардың әлемдік масштабтағы экологиялық эффектісінің үлесімен қаншалықты сәйкес екендігі туралы мәселе де ашық күйінде қалып отыр.

Қазақстандағы «жасыл» энергияның жағдайы қандай

«Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасына сәйкес, ЖЭК-тің үлесі 2030 жылға қарай электр энергиясын өндірудің жалпы көлемі бойынша 10%, ал 2050 жылы баламалы энергияны ескере отырып 50% құрауы керек. Бүгінгі күні бұл көрсеткіш 3% құрайды. 2020 жылдың соңында Қазақстанда электр энергиясының өндірісі сағатына 108 млрд кВт құрады, оның ішінде ЖЭК-тің үлесі сағатына 3,15 млрд кВт. «Таза» энергетиканы дамытудағы айтарлықтай жетістіктерге қарамастан, оны дәстүрлі энергетиканың толыққанды баламасы деп айтуға әлі ерте. Әзірге Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері экзотика болып табылады.

«Әзірге бұлар тек тәжірибелік қондырғылар және олардан энергия өте аз мөлшерде алынады. «Жасыл» энергияны коммуналдық саланың қажеттіліктеріне, көшелерді жарықтандыруға пайдалану үнемді, бірақ ауыр өнеркәсіпте оны толыққанды пайдалан алу екіталай, дәстүрлі энергия көздері бұл жерде сұранысқа ие болып қала бермек», - дейді «Kazakhmys Energy» ЖШС өндірістік басқармасының бастығы Елена Яковенко.

Сарапшының пікірінше, ЖЭК Қазақстанның қажеттіліктерін толығымен қанағаттандырып, өнеркәсіпте негізгі энергия көзіне айнала алмайды. Себебі, энергетика саласы табиғат жағдайларына тәуелді болмауы керек. Энергетик жақын арада көмір электр станциялары Қазақстандағы энергияның негізгі көзі болып қала беретініне сенімді және өз сөзінің дәлелі ретінде ол 5 аргументті алға тартып отыр.

№1 аргумент: Энергожүйе жұмысының тұрақтылығы

Kazakhmys Energy
Фото: Kazakhmys Energy

Күн мен желдің көмірге қарсылас бола алмауының бірінші себебі - олардың тұрақсыздығы.

«Күн және жел электр станцияларының жұмысы тікелей табиғи факторларға байланысты және тұрақсыздығы тұрғысынан жел мен күннен асып түсетін электр энергиясының көздерін табу екіталай», - деп санайды Елена Яковенко.

Оның айтуынша, дәстүрлі электр станцияларының артықшылығы - олардың өзгерімділігінде және энергиямен қамтамасыз етудің сенімді құралы болуында.

«Біртұтас энергетикалық жүйеде біркелкі емес жүктеме бар екенін ескере отырып (тұтынудағы шыңдар мен құлдырау), оны күнделікті кесте зоналарына сәйкестеңдестіру керек. Дәстүрлі электр станциялары пайда болған айырмалардың орнын толтыруға көмектеседі », - деп атап өтті сарапшы.

№2 аргумент: ЖЭК-ке сенімнің болмауы

Сенімді көздерден энергия алу процесін күн мен желдің құбылмалығына бейімдеу мүмкін емес. Қазақстанның көп бөлігінде қыс мезгілі жарты жылға созылатындығын, ал кейбір аймақтарда одан да ұзақ уақыт болатынын ескерсек, күн электр станциялары қар жамылғысының астында энергияны жинақтай алмауы мүмкін, ал жел электр станциялары желсіз ауа райында жұмыс істемейді, демек белгіленген қуаттағы пайдалану сағаттарының жеткіліксіздігі туындайды.

«Көмір зауыттары кез келген климаттық жағдайда үздіксіз жұмыс істеуі үшін өздерін энергия ресурстарымен қамтамасыз ете алса, жаңартылатын энергия көздері бұл тұрғыда сенімді өндіруші бола алмайды», - дейді Елена Яковенко.

№3 аргумент: жасыл энергетика қымбатқа түседі

Kazakhmys Energy
Фото: Kazakhmys Energy

Әзірге әлемде бірде-бір ел күн сәулесі мен желді арзан энергияға айналдырудың экономикалық тиімді және икемді әдісін ойлап тапқан жоқ. Қазақстан да әзірге ойлап таппады. Экономикалық тұрғыдан алғанда, бүгінгі күні Қазақстан нарығында ұсынылатын жел және күн электр станциялары (100% шетелдік өндіріс) өзге электр станцияларының түрлерімен бәсекелестікке төтеп бере алмайды және мұндай қондырғылардың тиімділігі төмен болып қалуда.

«Бүгінде күдіктер үлкен инвестициялық шығындарды қажет ететін ЖЭК-ті дамытудың жылдамдығымен және тиімділігімен байланысты болып отыр. Оның үстіне, аталмыш шығындар «жасыл» энергияны өздерінің тарифінен бірнеше есе жоғары тарифпен сатып алу арқылы қомақты шығынды өз мойнына алып отырған қолданыстағы көмір энергетикалық кәсіпорындарының қолдауынсыз өтелуі керектігі де күдік ұялатуда», - дейді энергетика саласының өкілі.

Елена Яковенконың айтуынша, көмір станциялары қымбат бағамен сатып алып, әлдеқайда төмен бағаға сатуға мәжбүр болып отырған «жасыл» электр энергиясының жыл сайын өсіп келе жатқан көлемі - бұл МАЭС пен ЖЭО үшін тікелей шығындар.

№4 аргумент: Тіпті газ балама бола алмайды

Қазіргі жағдайда ең оңтайлы шешім ретінде энергетиканың табиғи газдың жануына көшуін санауға болады. Алайда мұнда да бәрі оңай емес. Себебі, Қазақстанның орталық, солтүстік және шығыс аймақтарын табиғи газбен қамтамасыз ету елге айтарлықтай шығын келтіруі мүмкін.

«Бүкіл салада тұтас техникалық революция жасау, қолданыстағы электр станцияларын газ турбиналық жабдықтармен жабдықтау, оларды қажетті газ инфрақұрылымымен қамтамасыз ету, жаңа газ электр станциялары мен газ құбырларын салу қажет болады. Мұнда бүкіл электр энергетикалық саланы техникалық қайта жарақтандырудың орасан зор шығындары электр энергиясының тарифтеріне қалай әсер ететінін болжау қиын емес», - дейді сарапшы.

№5 аргумент: Әлеуметтік және өзге де проблемалардың шиеленісуі

ЖЭК идеясының өзі маңызды миссияны орындауды мақсат ететін де шығар, алайда мұнда шектен шығатын жағдайларға жол бермеу маңызды, деп санайды Елена Яковенко. Ақыр соңында, бұл көптеген салдарға әкелуі мүмкін.

«Басты қауіптердің бірі - кеншілер, теміржолшылар, жылу энергетиктері бетпе-бет келуі мүмкін құрылымдық жұмыссыздық, сондай-ақ жоғары білікті энергетиктердің Қазақстаннан кетуі. Сонымен қатар қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемдердің тоқтатылуына байланысты аймақтардың жергілікті бюджеттері зардап шегуі мүмкін», - деп сарапшы өз қорқынышымен бөлісті.

Оның айтуынша, салынған капиталды қайтаруға кепілдіктердің болмауы электр энергетикасы саласының инвестициялық тартымдылығына кері әсерін тигізуі мүмкін, сонымен қатар электр энергиясының қымбаттығына байланысты металлургия өндірісі мен энергияны көп қажет ететін өзге өндірістердің өзіндік құны да өсуі мүмкін.

Компромистің маңыздылығы

Көмір «лас» отын болып саналатынына қарамастан, қазіргі заманғы технологиялар көмірмен жұмыс істейтін электр станцияларының қоршаған ортаға әсерін едәуір азайтуға мүмкіндік бере алады. Бұл барлық энергетикалық кәсіпорындарды толық қайта жарақтандырудан және ЖЭК-ке көшуден әлдеқайда арзанға түсер еді. Сонымен қатар, көлік транспортының қоршаған ортаға тигізетін зияны бүкіл энергетикалық салаға қарағанда едәуір көп екендігі қазірдің өзінде дәлелденген, өйткені атмосфераға жыл сайынғы көмірқышқыл газының шығарылуының шамамен 70%-ы автомобиль қозғалтқыштарына тиесілі.

Сарапшының пікірінше, жаңа экостандарттардың маңыздылығын жоққа шығаруға болмайды, алайда энергетикалық компанияларға жүктелген шектен тыс міндеттемелерден туындауы мүмкін қауіптерді ескермеуге болмайды. Өйткені кез-келген модернизацияға ақша кетеді. Сол себепті, бұл жерде компромисті таба білу маңызды.

«Біз секілді энергия өндіруші ұйымдар үшін, бастысы - тұрақты өндіріс, бірақ электр энергиясының құны оны сататын тарифтен асып кетсе, бизнес қарқынды дами алмайды, бұл тұтастай энергетика саласының біртіндеп құлдырауына әкелуі мүмкін», - деп атап өтті Елена Яковенко

Басты қауіп – шығынға ұшырай отырып жұмыс істеген кәсіпорын тозығы жеткен жабдықты жөндеуге және жаңартуға қаражат жұмсай алмайды, апаттардан сақтану мүмкін болмай қалады және халыққа сапалы қызмет көрсету де ақсайтын болады.

«Бәлкім, тарифтік саясатты әсіресе, жүзеге асыруға орасан зор қаржылық инвестицияларды қажет ететін Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің жаңа нормаларын енгізуді ескере отырып, қайта қарау әрі бір сағатқа киловаттың құнын көтеру дұрыс болар ма еді » - деп қорытындылады энергетик.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902543-zasyl-energetika-komirdin-ornyn-basa-ala-ma-sarapsynyn-pikiri/