RU

Атырау облысындағы төрт адамның өлімі: Оқиғаға қатысты тың деректер шықты

Мәйіт
Көрнекі фото: ekaraganda.kz

Атырау облысы Махамбет ауданы Ақтоғай ауылында болжам бойынша көмір қышқыл газынан уланып, 4 адамның қаза тапқанын жазған едік. Өлім құшқандардың арасында төрт жасар қыз бала бар деп хабарлайды Ақ Жайық.

Ақтоғай округінің әкімі Гүлайна Уразғалиева қайтыс болғандардың жақындарына көңіл айтты.

Оның сөзінше, қаза тапқан 47 жасар Василий Базаров пен 30 жастағы Айбек Әбілқайы ауылдың байырғы тұрғындары. Ал 44 жастағы Лена Қайырлиева мен оның қызы Мақат ауданының тумасы.

"Василийдің бұрынғы отбасымен ажырасып кеткеніне бірнеше жыл болды. Жақында ол Ленамен азаматтық неке құрды. Василий ақылы қоғамдық жұмысқа тартылып, көбіне малшыларда көмекшілікте болатын", - дейді Ақтоғай округінің әкімі.

Қаза болған Айбектің жұбайы Айгүл Исинаның айтуынша, Василий ішімдікке жақын болғандықтан отбасынан ажырасып, жалғызбасты күй кешкен. Ауылдасына аяушылық танытқан Айбек оны мұсылманшылық жолға түсіріп, намаз оқытып, "Абдулла" есімін берген.

Айбек Василий мен Ленаның да бас қосуына дәнекер болып, жақсы араласып тұрды. Василий тұруға жарамсыз ескі, күтімсіз қалған үйде тұратын. Айбек жаңа отбасыға Салықов көшесіндегі бос тұрған, адам тұруға келетін үйді уақытша алып беруге көмектесті. Үй 1981 жылы салынған екі пәтерлік үй.

Фото
Фото: Ақ Жайық

"3-наурыз күні Айбек үйден шығып кетті. Сол күні түнде Құран кітабы мен сумкасын алып келуге Абдулланы жұмсап, мен сұратқызған заттарын беріп жібердім. Одан кейін мен жатып қалдым. Айбектің ұялы телефоны үйде қалыпты, қуаттауға тастап кеткен. Ертесіне ол келмеді, негізі Махамбетке мешітке барып арасында айналып қалатыны бар еді. Сондықтан оған мән бемедім, бөтен ой болған жоқ, келер деп ойладым. Дегенмен ұшты-күйлі хабарсыз қалуына алаңдап қайын сіңліме болған жайтты айттым. Оның көмегімен Абдуллаға телефон соғумен болдық, бірақ телефоны үнемі өшірулі болды. Көңілім бітүрлі болып, 5-наурыз күні Абдулланың үйіне аяқтай бардым.

Кіре беріс дәлізде тамақ пісіретін газ плита жанып тұрды. Дәлізден Айбектің аяқ киімін көрдім. "Айбек" деп бінеше рет айқайладым, дыбыс болмағасын ішкі бөлмеге кірмек болдым. Есікке селдір жапқыш ілінген екен, оны ашайын десем біреу есік алдында жатты. Мен шошып кеттім, бір нәрсе болғанын сезіп, ішке кіруге жүрексініп жан-жаққа хабарластым. Кейін анықталғандай, басқаларымен бірге жолдасым да сол үйден өлі күйінде табылды. Оларды бізге көрсетпестен Атыраудағы мүрдеханаға тексеруге алып кетті. Құқық қорғау орган қызметкерлері жұмыс жасап жатты", - деді Айгүл Исина.

Фото
Фото: Ақ Жайық

Айбектің немере ағасы Төлеген Машановтың сөзінше, Айбек төрт ағайындының үшіншісі.

"Негізі ол қайырымды, адамдарға көмектесуге дайын тұратын елгезек еді. Айбек Василийге көмектесті, жақсы жолға түсірді.

Негізі ол үйдің мұржасына бұрыннан олқы болатын, тас түсіп кеткен бе, сосын ол бітеліп қалып иіс ішке кетті ме. Ақыры соның зардабы тиді деп ойлаймын. Отыздағы жас жігіттің артында жұбайы, 3 және 1 жастағы ұл мен қызы қалды. Бұл өте ауыр қайғы", - деді ол.

Айбекті наурыздың 6-сы, ал Василий, Лена, Бақытгүлдің денесін 7-сі күні ауыл сыртындағы зиратқа жерледі. Бұл оқиға бойынша сараптама тағайындалып, тексеру жүруде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902672-atyrau-oblysyndagy-tort-adamnyn-olimi-oqiga-qatysty-tyn-derekter-syqty/