Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутат "МӘМС қорының басшылығына берілген 19 млн теңге сыйақыға" шүйлікті

Опубликовано:

Қаражат
Көрнекі сурет: NUR.KZ / Петр Карандашов

Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов қазақстандық бюджеттен тыс әлеуметтік қорлардың миллиардтаған әкімшілік шығындарын атап өтіп, оларды бірыңғай әлеуметтік қорға біріктіруді ұсынды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Аманжан Жамалов 2019 жылы Қазақстан Республикасының президенті үкіметке бірыңғай әлеуметтік қор құру арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін шоғырландыру мәселесін зерттеуді тапсырғанын еске салды. Бірақ 1,5 жылда бұл мәселе шешімін таппаған.

Оның айтуынша, пандемия кезіндегі қоғамдық сынға қарамастан, бюджеттен тыс қорлар ештеңе болмағандай жұмысын жалғастырып жатыр.

"2020 жылы бюджеттен тыс қорларға жарналар мен аударымдар 1,8 трлн теңгені құрады. Бұл КТС республикалық бюджетке түсетіннен де көп. Қазір бюджеттен тыс қордың шығыстары парламент пен Есеп комитетінің бақылауынан тыс қалып отыр. Ал бұл жүздеген миллиард теңге", - деді депутат.

Оның айтуынша, 2019 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының әкімшілік шығындары 5,8 млрд теңгеден асқан. Еңбекақы төлеуге 4,4 млрд теңге жұмсалған. Егер бұл соманы қордың барлық 850 қызметкеріне бөлетін болсақ, әрқайсысына айына 434 мың теңге келеді, бұл ел бойынша орташа жалақыдан екі есе жоғары.

"Егер МӘМС қорының қолжетімді қаржылық есептілігін зерттейтін болсақ, МӘМС басқармасының төрт мүшесіне шамамен 77 млн теңге - әрқайсысына 19 млн теңгеден сыйақы төленген. Сондықтан да МӘМС басқарма төрағасы өз жалақысын жариялаудан бас тартқан шығар. Ол азаматтардың жарналары мен аударымдары есебінен күн көретін мемлекеттік қордағы коммерциялық құпияны себеп қылды", - деп толықтырды Жамалов.

Оның айтуынша, ұқсас миллиардтық сомалар басқа қорларда да байқалады. Мәселен, 2019 жылы БЖЗҚ – ның әкімшілік шығындары 11,8 млрд теңгеден, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры шығыны 1,9 млрд теңгеден асқан.

"Қорларды ұстауға жұмсалатын мұндай шектен тыс шығыстар халық арасында сұрақ туындатады. Азаматтар бұл қорлардың қызметтерінен тиісті қайтарым мен пайда сезінбейді. Бюджеттен тыс қорлардың қызметіне айқындық енгізу үшін еңбекақы мен әкімшілік шығыстардың барлық баптарын ашып көрсете отырып, бюджеттен тыс қорлардың шығыстары туралы ақпаратты барынша ашу стандарттарын бекіту қажет деп санаймын. Ал алдымен 2020 жылғы бюджеттен тыс қорлардың шығыстары туралы ақпарат жариялану қажет", - деп түсіндірді Жамалов.

Ол сондай-ақ министрлер кабинетіне Мемлекет басшысының бірыңғай әлеуметтік қор құру арқылы әлеуметтік қамсыздандырудың бюджеттен тыс жүйесін шоғырландыру мәселесі жөніндегі тапсырмасын орындауды жеделдетуді ұсынды.

Оның айтуынша, мұндай іс көрші Ресейде басталған: олар зейнетақы қорын Әлеуметтік және медициналық сақтандыру қорларымен біріктіреді. Бұл бірыңғай "әлеуметтік қазынашылықты" құрады, бұл ретте ресейліктер 120 млрд рубль немесе 700 млрд теңгеге жуық үнемдей алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902727-deputat-mams-qorynyn-bassylygyna-berilgen-19-mln-tenge-syiaqyga-suilikti/

pixel