Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шапалағына лайық болдым": Күйеуі соққыға жыққан қазақ әйелдері не дейді

Опубликовано:

Девушка закрывается от мужчины
Көрнекі фото: pexels.com

Белгілі блогер Құралай Ошақбаева өзінің Telegram каналында әйелдер арасында сауалнама жасады. Әйелдерге "Күйеуіңіз қол көтере ме?" деген сұрақ тасталды. Сауалнамаға жауап берген респонденттердің 21 пайызы күйеуінің қол көтергенін мойындаған деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Сауалнамаға 3000-ға жуық респондент қатысты. "Күйеуім қол көтерген жоқ" деп жауап бергендердің арасында бұрынырақ күйеуінің бір рет болса да ұрғанын мойындаған әйелдер бар. Пікір қалдырған респонденттер өзінің ұруға лайық болғанын жазды.

"Жоқ деп жауап бердім, себебі қол көтеруге дейін жеткізбеспін.. Бірақ екі рет көтерді, өзім қырсықтанып, қасарысқанның арқасында сол шапалаққа лайық болдым", - дейді Эльмира есімді сауалнама қатысушысы.

"Жас кезде болды ғой, біздің оңтүстікке біткен кесел ғой", - дейді Айгөлек есімді тағы бір желі қолданушысы.

"Болған бір рет, бірақ өтті, кетті. Есіме түсіре де алмаймын, ұмытып қалыппын", - деп жазды Дильноза есімді келіншек.

Ал күйеуінің қол көтеретінін растаған әйелдер көбінесе бұл жағдай олардың ішімдікке тойып алғанда жиі орын алатынын айтады. Респондент әйелдер күйеулерінің қол көтеруіне қызғаныш себеп болуы мүмкін дейді.

"Менің күйеуім ішіп алып келген күні қызғаныш танытқан сияқты. Әр нәрсені бір айтып, ақыры соңында ұрады. Қашып басқа бөлмеге кетсем де қоймайды. Балалардың мазасын алады, менен өшін алған соң", - деп ащы шындығын жазды Ләззат есімді респондент.

Сауалнамаға орай пікір білдірген әйелдер ішінара күйеуінің әрекетін ақтап алуға тырысқан.

"Мені жақсы көреді, бірақ ұрады, көп қол көтереді, қызуқанды", - дейді Салтанат есімді келіншек.

"Екі рет қол көтерген, өзім тілімнен таптым. Ашуын шығарсаң, қол көтереді ғой. Ауызға ие болсаң, ол да қолына ие болады", - деп жазды Сандуғаш атты респондент.

Сауалнамаға қатысушы бір келіншек қаржылық тәуелдікке бола күйеуінің қорлығына шыдап келе жатқанын жазған.

"Бұрын ішетін уақытта қол көтеретін, қазір тыныш. 40-қа жақындадық, біткен шығар осымен, әлде әлі бар ма екен? Осы кезге дейін шыдап келгенім қаржылық тәуелдіктен шығар. Ажырассам "үш баламды өзім баға аламын ба" деген жауапкершіліктен қорқатын да шығармын", - дейді Лаура есімді келіншек.

Күйеуден қорлық көріп, өзін кінәлі сезінетін келіншектерге ақыл айтқандар да табылды.

"Осындай әйелдерді түсінбеймін, "өзімнен болды" дейтін. Не үшін алды тыңдамаса, ұрып тұру үшін бе? Ер адам ондай кезде де қол көтермеу керек. Өзін басу үшін далаға шығып кетсін. Әкеміз анамызды ондай кезде де ұрып көрмеген. Тыңдамаса бала сияқты ұрғаны несі. Әркімнің мінезібар. Әйелдің де әлсіз жақтары бар. Арасында ол да ақымақ болады. Ондай кезде ер адам да сабыр сақтай білу керек қой", - дейді пікір білдіруші респондент.

Сауалнама қатысушылар ішінде 16 жыл отасып бірде-бір қорлық көрмегенін жазған әйелдер де болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902801-sapalagyna-laiyq-boldym-kuieui-soqqyga-zyqqan-qazaq-aielderi-ne-deidi/

pixel