Қостанай облысында коронавирус жұқтырған әйел жедел жәрдем жеткенше қайтыс болды
Жарияланған күні:
Қостанай облысында келіншек жедел жәрдем жеткенше қайтыс болды. Ақ халаттылар мінген көлік қалың қар салдарынан шақырту орнына жете алмаған деп хабарлайды Хабар 24.
Рыспай ауылының тұрғыны жедел жәрдем жетемін дегенше қайтыс болып кетті. Дәрігерлердің көлігі омбы қардан жүре алмай, елді мекенге барар тас жолда тоқтап қалған.
30 жастағы әйелді құтқарушылар жол талғамайтын көлікпен жедел жәрдем бригадасына тапсырған. Бірақ келіншек облыстық ауруханаға жетпестен сол жерде көз жұмды.
Марқұмға инсульт және коронавирус диагнозы қойылған.
Ауылға дейінгі тоғыз шақырымды қардан тазарту аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің міндеті дейді округ әкімі.
"Түнде тазалаған. Таңертең қатты боран болғанда жабылып қалған. Ал жол көрінбейді. Дәрігерлердің айтуы бойынша, науқастың өкпесі 60-70 пайыз қабынған. Сосын тағы басқа диагноздармен ауырған", - Заречный ауылдық округінің әкімі Нұрғиса Исмағамбетов.
Еске сала кетсек, Жамбыл облысында құтқарушылар қарлы боранда қалған екі жүкті әйелді ауруханаға жеткізіп, көмек көрсеткен болатын.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, Жуалы ауданында болған дүлей боран кезінде құтқарушылар 2 жүкті әйелді аудан орталығына жеткізген.
"Тарқатып айтсақ, Жуалы ауданы, Көлтоған ауылынан жүкті әйелдерді алып, аудан орталығына жеткізбек болған жедел жәрдем қызметінің көлігі жол бойында қарлы боранда қалып қойған", - делінген хабарламада.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902805-qostanai-oblysynda-koronavirus-zuqtyrgan-aiel-zedel-zardem-zetkense-qaitys-boldy/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.