RU

Жамбыл облысында қар құрсауында қалған екі жүкті әйел құтқарылды

Фото
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі

Жамбыл облысында құтқарушылар қарлы боранда қалған екі жүкті әйелді ауруханаға жеткізіп, көмек көрсеткен деп хабарлайды Қазақпарат.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратқа сәйкес, Жуалы ауданында болған дүлей боран кезінде құтқарушылар 2 жүкті әйелді аудан орталығына жеткізген.

"Тарқатып айтсақ, Жуалы ауданы, Көлтоған ауылынан жүкті әйелдерді алып, аудан орталығына жеткізбек болған жедел жәрдем қызметінің көлігі жол бойында қарлы боранда қалып қойған", - делінген хабарламада.

Оқиға орнына ТРЭКОЛ көлігімен жедел жеткен №7 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары жүкті әйелдерді және медицина қызметкерлерін аудан орталығына жеткізгені белгілі болды.

Аудандық орталық аурухана басшылығы өрт сөндіруші-құтқарушылардың кәсіби шеберліктері және нәтижелі атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.

Ведомство мәліметінше, дәл сол күні Жуалы ауданында құтқарушылар 29 адамды қар құрсауынан құтқарып, жылыту пункттеріне алып келген. Сонымен қатар тас жолда қалған бірнеше техниканы қардан сүйреп шығару жұмыстарын жүргізген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902768-zambyl-oblysynda-qar-qursauynda-qalgan-eki-zukti-aiel-qutqaryldy/