Аймағамбетов колледжге оқуға түсетіндер үшін жақсы жаңалық жариялады
Жарияланған күні:
Қазақстанда колледжге оқуға түскендердің оқу мерзімін қысқарту жоспарланып отыр. Бұл туралы білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министр колледждерде академиялық дербестікті енгізу бойынша жұмыс қолға алынғанын атап өтті.
"Бүгінгі күні заңнамалық деңгейде уәкілетті органның колледждерде оқу мерзімін белгілеу туралы норма алынып тасталды. 9-сынып негізінде колледжге түскендер үшін оқу мерзімін үш жарым жылдан екі жылға дейін, 11-сынып негізінде оқуға түскендер үшін екі жарым жылдан бір жарым жылға дейін қысқарту жоспарлануда", – деді Аймағамбетов үкімет отырысында.
Айтуынша, бұл нарыққа кадрлар даярлау мерзімін қысқартып, оның сапасын арттырып, білім бағдарламаларын жаңартуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ол техникалық және кәсіптік білім беру саласына да тоқталды. 2017 жылдан бері тегін техникалық біліммен қамтамасыз ету ұлғайса да, 50 мыңға жуық студент әлі де ақылы бөлімге түседі, деді министр.
"Осыған орай 2025 жылға дейін жастарды кезең-кезеңмен 100 пайыз техникалық біліммен қамту жоспарлануда. Ол үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі 50 мыңға дейін кезең-кезеңмен ұлғайтылады", – деді ведомство басшысы.
Еске салсақ, америкалық кәсіпкер, Tesla мен SpaceX-тің негізін қалаушы Илон Маск 1 мамырда қазақстандық студенттермен онлайн режимде кездесетін болды. Бұл туралы Еуропалық экономика және бизнес жоғары колледжінің құрылтайшысы Талғат Төремұратов айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1902839-aimagambetov-kolledzge-oquga-tusetinder-usin-zaqsy-zanalyq-zariyalady/