Тоқаев қазақстандықтарды көрісу күнімен құттықтады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Көрісу күнімен құттықтады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Құттықтау жазбасы президенттің Twitter-аккаунтында жария болды.
"Баршаңызды бүгінгі Көрісу күнімен құттықтаймын! Ежелден келе жатқан ата салтымыз бойынша жастар осы күні үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Жұрт бір-біріне ақ тілектерін арнайды. Бұл - нағыз береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы", - деп жазған Қасым-Жомарт Тоқаев.
Көрісу күні жұртшылық ерте тұрып, жасы үлкен адамдарға сәлем береді, бір-біріне деген өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмытады. Бір-біріне амандық-саулық тілеп, көктемге аман есен жеткеніне алғыс білдіреді.
Мерекелі дастарқан жайып, үлкендерге сәлем беріп, бір-бірін құттықтайды.
Көрісу күнін Амал мерекесі деп те атайды. Бұл күнде көрші-көлем бір-біріне "Жасың құтты болсын!", "Жасыңа жас қосылып, ғүмырың ұзақ болғай!" деп тілек айтады.
Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге сыйластық танытып, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Себебі Көрісу салты бір күннің аясымен шектелмей, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903231-toqaev-qazaqstandyqtardy-korisu-kunimen-quttyqtady/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.