Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауыр қателік": Дінтанушы ырымға сеніп, көзмоншақ тағатындарды қатаң сынға алды

Жарияланған күні:

Фото
Фото: kerek-info.kz/Facebook

Бүгінде көпшілік адамның ырымға сенетіні, тыйымдарды қатаң ұстанатыны рас. Алайда, ырымның қырын кететін кездері барын ұмыт қалдырғандар да бар. Әсіресе, көлігіне тіл-көз өтпеу үшін қызыл мата байлайтындар, баланың бесігіне немесе үйдің кіре берісіне көз моншақ қадап қоятындардың кездесетіні рас. Осы орайда, дінтанушы Нұрлан Байжігітұлы қандай ырымның дұрыс, қандай ырымның бұрыс екенін діни тұрғыдан талдап берді деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) "Тамақ жеген кезде оң қолыңызбен жеңіз, су ішкен кезде де оң қолмен ішіңіз. Себебі, шайтан сол қолымен жеп, сол қолымен ішеді" деген хадисінен ұлтымыз біршама оң бағыттағы мәдени әдеттерді өрбіткен. Дастархан басына келерде қол жуу, бісміллә деп айту, үлкеннен бұрын қол созбау, "Жаманнан жарты ас қалады" дегендей асты түгелдей тауысу, соңынан алақан жая Аллаға шүкірлік батасын жасаумен дастархан мәдениеті, бала тәрбиесінде сәбидің азан шақырып атын қою, өсе келе сүннетке отырғызу, ауырып қалса, үшкіріп дұға оқу, сәлем беру, үлкенге құрмет, кішіге ізет, кішіпейілдікпен ағасы сөйлегенде қарсы келмеуді талап еткен. Далада ойнаған баласына "Малды теппе", "Құдыққа түкірме", "Қарқылдап күлме" және т.б. сөздермен тыйып отырған. Ал тыйымдарды есімізге түсірсек, саны шексіз. Дегенмен, осы мәдени әдеттер мен тыйымдарымыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір тамшы сүннетінен өмірлік үлкен қағидаға ұласқан қазыналар", - дейді діни тұрғыда дұрыс саналатын ырымдарды тізбектеген имам.

Дінтанушы соңғы кездері "Бұйырса", "Жаратқан жазса" деп сөйлейтіндер қатарының да кеміп бара жатқанына налыды.

"Тіпті, жаманшылықтан қорғану тәсілдерінің жаңа түрлері шықты. Ол шұбатылған қызыл, сары, әр түрлі шүберектер. Көліктің мемлекеттік нөмір сандарын қасиеттеп, бірегей етіп безендіру дәстүрге айналды. Таспихпен бірге көзмоншақ іліп, "Алла мені қорғап жүр" деген соқыр сенім иелері қаншама. Мұнымен қоса, үкіден бастап, шаш, қыл-жыбыр, тау шөптері мен бұрыш, адыраспан тізбектегендер саны азаяр емес. Біле білсек, бұл ақиқат дініміздің ақ сеніміне көлеңке, серік қосуға алып баратын ауыр қателіктер. Жалпы, ырым сонау алыс заманда пайда болған наным-сенім, тыйым. Бұл қағидаттардың дінімізде сүйеніші болмаса, тасталуы керек.

Мұсылманның ұлы семсер қорғаны – дұға. Бүгінде көптеген саны шексіз дұға кітаптарды көздер шалып жүр. Бұлардың басым көпшілігі Құран мен хадиске жанаспаған, ойдан тоқылған топтамалар. Жалпы, дұғаларымыз жүректен шығып, ақылға қонып, көрінісі құлшылықпен жалғасқанда ғана кемел мақсатқа жеткізеді. Сүннетке сай болса, сауап әкеліп, өмірімізге береке қондырады. Әйтпесе, шығыс ертегісіндегі сиқырлы таяқшамен сермегендей "Абра кадабра" болып жүрмесін", - дейді Нұрлан Байжігітұлы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903235-auyr-qatelik-dintanusy-yrymga-senip-kozmonsaq-tagatyndardy-qatan-synga-aldy/