"Буаз биені атып, құлынын лақтырып кеткен": Атыраулық ұрылардың әрекеті жұртты шошытып отыр
Жарияланған күні:
Атырауда ұрылар жылқыны жайылымнан мылтықпен атып алатын болған. Алдындағы малынан айрылғандар, құзырлы орган өкілдерінің қауқарсыздығына шағымдануда. Тек өткен жұма күні бір шаруа қожалығының 4 бірдей жылқысын атып, екеуін сойып алып кеткен. Қаскөйлердің әрекетіне әбден ашуланған шаруалар түз тағысынан емес, қасқыр терісін жамылған адамдардан арашалауды сұрап отыр деп хабарлайды Астана телеарнасы.
Телеарна мәліметінше, Атырау облысы Индер ауданының, Батыс Қазақстан облысымен шекаралас аумағында ұрылар буаз биені атып, құлынын лақтырып кеткен.
Жергілікті малшылар барымташылар жайылымда жүрген жылқыларды, бас-көз демей жайратып, бас-сирағы мен ішек-қарынын лақтырып кетуді әдетке айналдырғанын жеткізді.
Қаскөйлердің әрекетінен шаршаған олар соңғы күндері сиырға да қырғидай тиіп жатқанына алаңдаулы.
"Қаңтар айының аяғында 2 бас жылқы кетті. Атып алып, сойып кеткен. Тек басы мен сирағы қалған. Соны таптық", - дейді шаруа қожалығының иесі Айтқали Жалиев.
Ал Индер ауданының тұрғыны Қайсақан Ізбасов алты бас малын атып алып кеткенін айтады.
"Атып алып тұрған ұрыны ұстай алмау деген мүмкін емес. Осының орнына мен жүріп киік атып алатын болсам, қаншама жауапкершілікке тартыламын. Ал қара халықтың малына ешқандай шара жоқ па?" - дейді күйінген ол.
Жергілікті тұрғын Мүтиғолла Жылышпановтың айтуынша, айдалада жоғалған малын іздеп жүргендер көп. Кейбірі тіпті бірнеше айдан бері іздеп таба алмауда.
"Мына кісілердің биыл төрт басын, біздің ауылдан тағы төрт басты атып кетті. Обал ғой. Сиыр кетіп жатыр және табылмай жатқаны қаншама. Дұрыс жұмыс жасамай тұр ғой. Ешқандай нәтиже жоқ", - деп шағымданды ер адам.
Малшылардің пікірінше, құзырлы органдар шара қолданбағасын, қаскөйлер дегенін жасап жүр. Олар адал еңбегіміз далаға кетіп жатыр деп ішкі істер органдарына сан мәрте шағымданғандарын айтады. Алайда шекарада орналасқан екі аудан бір-біріне сілтеп, уақыт өткізіп жатқанына қынжылады.
"Атылған жер Батыс Қазақстан облысының жері. Батыс Қазақстан облысының жері болған соң біздің жер емес", дейді. Олар болса "жер біздікі, мал біздікі емес", - дейді. Көріп отырсыз ба? Іс содан жүрмей тұрып қалады", - деді Қайсақан Ізбасов.
Ал Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова қылмыс болған аумаққа байланысты тергеп-тексерумен сол аумақтағы полиция бөлімі айналысуы керек екенін атап өтті.
"Яғни сіздердің сауалдарыңыз бойынша сіздер айтқан дерекке қатысты Индер аудандық полиция бөлімі емес, Батыс Қазақстан облысының Тайпақ және Жаңақала аудандық полиция бөлімдері айналысуы тиіс", - дейді ол.
Ал Батыс Қазақстан облысы, дәл осындай жағдай қаңтар айының аяғында да орын алғанын айтып, тергеу жүріп жатқанын хабарлады. Әзірге қарақшыларды таппаған.
Автор: Б. Нәдірқызы
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903472-buaz-bieni-atyp-qulynyn-laqtyryp-ketken-atyraulyq-urylardyn-areketi-zurtty-sosytyp-otyr/