Таразда коронавирус жұқтырған депутат инфекциялық стационардың суық екенін айтып, дабыл қақты
Жарияланған күні:
Тараздағы коронавируспен ауыратындарды емдейтін мекемеде түнімен жылу болмай, науқастар тоңып шыққан. Суықтан кейбірі ауруын асқындырып алыпты. Кесел жұқтырғандар арасында қалалық мәслихат депутаты да бар екен. Халық қалаулысы мәлімдеме жасағаннан кейін ғана ғимаратқа жылу берілген көрінеді деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Қауіпті дертке шалдыққан депутат Эльмира Мырза-Ғали біраз уақыттан бері инфекциялық стационарда ем алып жатыр. Оның сөзінше, ғимараттың кіре берісінен еріген қар суы сорғалап ағып тұр. Мекеменің іші суық, крандағы су салқын, ол аздай, түнімен жылу болмаған. Соның салдарынан науқастардың бәрі жаурап, көбінің температурасы көтеріліп, жөтелі асқынған.
Мұндай бассыздыққа әбден ыза болған халық қалаулысы іштегі қолайсыз жағдайды таспаға түсіріп, түнде әлеуметтік желіге жариялаған. Ал ертесіне дереу жылу қосылады.
Депутат телеарна тілшілеріне мән-жайды айтудан бас тартыпты. Айтуынша, денсаулығы нашарлап, бас көтере алмай жатыр екен.
"Қазандықтан ақау шықты. Бұл біздің қолымыздағы шаруа емес, оған жылу мекемесі жауапты. Олар бүгін таңертең келіп жөндеп берді. Біз сол мекемеге нарызылығымызды білдіріп хат жазғалы отырмыз. Дайындап та қойдық. Науқастар жылусыз қалмауға тиіс", - деді Тараз қаласы №1 ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Ербол Ордабеков.
Дереккөз: КТК
Айта кетейік, Шымкентте ауыр халде ауруханаға түскен 86 жастағы қария коронавирустан жазылып шықты. Жалғас Сулайманов есімді қария 21 ақпан күні ауыр халде жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903660-tarazda-koronavirus-zuqtyrgan-deputat-gospitaldin-suyq-ekenin-aityp-dabyl-qaqty/