Мәжіліс жерді шетелдіктерге сатуға және жалға беруге тыйым салатын заң жобасын талқылайды
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаттары палатаның жалпы отырысында жер қатынастары мәселесіне қатысты заң жобасын талқылайды. Құжат бойынша жерді шетелдіктерге жалға беруге және сатуға тыйым салынған деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Мәжілістің аграрлық мәселелер бойынша бейіндік комитетінің төрағасы Ерлан Барлыбаев "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың заңнамалық бастамасы ретінде парламентке ұсынылғанын атап өтті.
Құжаттың мақсаты - жеке меншік құқығындағы және уақытша жер пайдалану құқығындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік компаниялардың, шетелдік қатысуы бар қазақстандық компаниялардың, халықаралық ұйымдар мен халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың иеленуіне тыйым салу.
Бейіндік комитет құжат бойынша қорытынды дайындап, оны палатаның талқылауына шығаруға дайын.
Еске сала кетсек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-отырысында президент шетелдіктерге жерді сатуға заң жүзінде біржола тыйым салынатынын мәлімдеген еді.
"Халқымыз үшін жер мәселесі қашанда аса маңызды. Бұл – мемлекеттігіміздің берік негізі және қасиетті символы. Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды деп бірнеше рет айттым. Бұл мәселеге қатысты қауесеттерді тоқтату қажет", - деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903697-mazilis-zerdi-seteldikterge-satuga-zane-zalga-beruge-tyiym-salatyn-zan-zobasynyn-zumysyn-qabyldady/