RU

Маскасыз суретке түскен Өскемен қаласының әкімі мен Ольга Рыпаковаға айыппұл салынды

Жақсылық Омар маскасыз отыр
Жақсылық Омар маскасыз отыр. Фото: arnapress.kz

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар мен олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковаға қоғамдық орындарда маскасыз жүргені үшін айыппұл салынды. Бұл туралы қалалық әкімдік хабарлады деп жазады Arnapress.kz.

6 наурызда Өскемендегі Александров атындағы спорт сарайында өткен іс-шарада тек қала басшысы ғана емес, маска тақпаған спортшы Ольга Рыпакова да көзге түскен.

"Өткен аптада заң бұзушылық туралы тиісті хаттама тіркелгеннен кейін әкім белгіленген айыппұлды төледі", - дейді әкімнің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.

Сонымен бірге карантин талаптарын сақтамаған олимпиада чемпионына да айыппұл салынған.

Ольга Рыпакова
Ольга Рыпакова маскасыз жүр. Фото: arnapress.kz

Еске сала кетсек, бұған дейін облыс әкімі Даниал Ахметов Жақсылық Омардың жұмысын сынға алған еді.

27 қаңтарда өткен өңірлік әкімдіктің отырысында ол Өскемен қаласы әкімінің жіберген қателігін айтқан болатын.

"100% қаржыландыру бола тұра тұрғын үйді іске қоспаған Өскеменге үлкен сын. Сондықтан бұл қала әкімі Жақсылық Омар мен орынбасарым Бақытжан Баяхметовтың жіберген қателігі. Бұған қоса, құрылыс басқармасы мен қала әкімі биылғы қазан айына дейін бір де бір шаршы метр тұрғын үйді іске қосуды жоспарға алмаған. Жұма күні аталған мәселе бойынша тағы жиналыс өтеді, жауапты тұлғаларға толық ақпарат дайындау тапсырылды", - деген еді ШҚО әкімі.

Айта кетейік, Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі болып 2018 жылдың 20 тамызында тағайындалған болатын.

Ал жаңа қызметіне дейін Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903751-maskasyz-suretke-tusken-oskemen-qalasynyn-akimine-aiyppul-salyndy/