"Әйелі бар бастығым вино ішуге шақырды": Астаналық келіншек жұмысынан кету себебін айтты
Жарияланған күні:
Жұмыс орнында басшылық тарапынан сексуалды сипаттағы ұсыныстар, қысым немесе бопсалау әрекеті жасалса, не істеуге болады? Соңғы кезде Қазақстанда жиі айтылып жүрген "харассмент" термині нені білдіреді? Заңгерлер не себепті бұл мәселені қайта-қайта дабыл қағып, көтеріп жүр? Бұл сауалға Azattyq Rýhy сайты жауап іздеп көрді.
"Мен осыдан бірнеше ай бұрын елордалық белгілі компанияның бірінде қатардағы қызметкер едім. Мамандығым – сәулетші. Алдағы өміріме зияны тимесін деген мақсатпен ол компанияның атын және басшы туралы мәліметтерді жасырын қалдыруды жөн санаймын. Алайда, жұмыстан шығуыма себеп болған оқиғаны жасыра алмаймын. Бір күні мен бастығыма кіріп, құжаттарды таныстырып отырсам, ол кісі мені кешке вино ішіп қайтуға шақырды. Аяқ-қолым дірілдеп, қорқып кеттім. Бірінші естігенде не айтарымды білмей, сасып қалдым", - дейді Меруерт.
Жасы жиырма жетіге келген қыз мұндай оқиғаға алғаш рет тап болған.
"Бастығым шамамен 39-40 жаста. Ол мені екінші рет тағы да сырттан тамақ ішуге шақырған кезде, мен жұмыс орнында мұндай әңгіме айтылмауы тиіс екенін, моральдық тұрғыда оның дұрыс емес және менің жұмыс істеуіме кедергі келтіретінін айттым. Түсінесіз бе, ол кісінің жұмыс үстелінде әйелі мен баласының суреті тұр. Оң қолында неке жүзігі бар. Дәл осындай ұсыныстарды айтқаны үшін мен өзімді өте нашар сезіндім. Менің ар-намысыма залал келді емес пе", - дейді ол.
Араға уақыт салып мұндай ұсыныстар бірнеше рет қайталана берген соң, Меруерт өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болған.
"Өзімді заңмен қорғай алмадым. Себебі, не деп айтамын деп ойладым. Ол кісі мені зорлаған жоқ, денеме, қолыма саусағын тигізген жоқ. Бірақ, жұмысыма кедергі келтірді, психологиялық тұрғыда намысыма тиетіндей әрекеттер жасады... Мен көп ойланып, ақыр соңында ол кісіден қашып құтылғаным жөн деп шештім", - дейді Меруерт.
Қазір елімізде педагогтер мен медицина және фармацевтика қызметкерлері заң жүзінде жұмыс орнындағы кемсітушіліктен қорғалған. Бұл туралы халықаралық заңгер Аяжан Ойратова айтты.
"123-бап бар, ол "бопсалау" ісі бойынша, міндетті түрде қысым көрсету керек және сексуалды қатынасқа шақыруы керек. Ал адамдарды тамаққа шақыру оған жатпайды. Сондай-ақ Қазақстанда педагог, медицина және фармацевтика қызметкерлері ғана Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (80-1 және 409-баптар) шеңберінде жұмыстағы әбес қылықтар (белгілер) мен заттар көрсету, лайықсыз мінез-құлық пен құрметтемеушіліктен қорғалған. Бірақ бұл бап тек өз міндеттерін орындау кезінде ғана басқа тұлғалар жасайтын әбес әрекеттерге тыйым салады. Елімізде қалған азаматтар харассменттен қорғалмаған", - дейді заңгер.
Аяжан Ойратованың айтуынша, "жыныстық бопсалау" дегеніміз – жыныстық белгісі бойынша әйелдерге қатысты кемсітушілік, қадір-қасиетіне қол сұғып, құқығын бұзу. Жаңа Зеландия, Испания, Германия және АҚШ сияқты бірқатар елдерде де "жыныстық бопсалау" адамның қадір-қасиетін қорлау және кемсіту болып саналады.
"Егер біреу сіздің қалауыңыздан тыс денеңізге рұқсатсыз қол тигізсе, сексуалдық сипаттағы басқа да ауызша немесе физикалық күш қолданса, құшақтап, иіскесе, бұл – харассмент", - деп түсіндірді заңгер.
Ол "cексуальное домогательство" деген терминді "харассмент" сөзінің орнына енгізу, ал қазақ тіліне "жыныстық бопсалау" деп аудару қажет деп санайды.
"Қорғау-Астана" кризистік орталығының директоры Анна Рыльдің айтуынша, өткен жылы жұмыста сексуалды сипатта қысым көріп, орталыққа 30 адам хабарласқан. Оның ішінде басшыларынан зорлық көрген ер адамдар да бар.
"Жедел желіге бір жылдың ішінде 30 әйел мен еркек шағымданды, олар – харассменттен жәбір көргендер. Бірақ олардың ешқайсысы полицияға шағымданбаған. Себебі, олар қорқады және жеткілікті дәлел жоқ. Жәбірленушілердің айтуынша, алдымен оларды бастықтары бопсалаған. Кейін физикалық күш көрсетіп, зорлаған. «Тамақтанайық, үйіңе дейін шығарып салайын, үйіңе кіріп шәй ішейіктен» басталған әрекеттер үйіне кіріп алған соң, өзін тоқтата алмай, зорлыққа ұласады. Бәрінде осы «сценарий». Жәбір көргендер ұялады, қорқады, өзін кінәлайды. Бірден полицияға бармайды. Ал кризистік орталыққа психологиялық көмек керек болып хабарласқан", - дейді заңгер.
Халықаралық маманның ұсынысы – тек педагогтер, медицина қызметкерлері мен фармацевтерді ғана емес, барлық адамдарды жұмыс орнындағы сексуалды қатынастан қорғауды заң жүзінде енгізу.
"Арнайы бап болу керек. "Жыныстық бопсалау" енгізсе, оған нақты не кіреді, адамды бопсалағандарға қандай жаза тағайындалады, анықтап жазу керек. Менің ұсынысым – ондай басшылардың реестрін жасау қажет деп санаймын. Мысалы, педофилдер реестрі бар ғой, сол сияқты. Оларды кәмелетке толмаған адамдармен жұмыс істеуден алшақтату қажет. Әрине, өмір бойы емес. Бес, он жылға шеттетілуі керек", - дейді Аяжан Ойратова.
Еске сала кетсек, осыған дейін Павлодар облысында қоластындағы қызметкерлерге қырындаған мектеп директоры ұятқа қалған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903992-aieli-bar-bastygym-vino-isuge-saqyrdy-astanalyq-kelinsek-zumysynan-ketu-sebebin-aitty/