Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында науқастың күйеуі фельдшерді соққыға жығып, қолын сындырған

Опубликовано:

қолын сындырған11
Ислам Қуандықов. Кадр: КТК арнасынан

Алматы облысында жедел жәрдем қызметкерлері тағы да таяққа жығылды. Түн ортасында шақыртуға жеткен фельдшерді науқастың туысы жедел жәрдем көлігінің ішінде соққыға жығып, қолын сындырған деп хабарлайды КТК арнасы.

Оқиға түнгі 12-де болған. Науқастың күйеуінен таяқ жеген жедел жәрдем қызметінің фельдшері Ислам Қуандықов құрсағынан қан кеткен келіншекті дереу ауруханаға жеткізбек болған.

Алайда ол күйеуінсіз "ешқайда бармаймын" деп табандап тұрып алыпты. Ал жұбайы мас болған.

"Күйеуімсіз ауруханаға бармаймын деді. Мен жарайды деп, ауыр халін көріп рұқсат бердім. Содан кейін қасында бірге келді. Кейін ауруханаға жақындап қалғанда маған шабуыл жасады. Қолымен де ұрып, аяғымен тепкіледі. Қайсысы қолыма тигенін білмеймін. Өйткені бетімді жауып үлгердім", - дейді Ислам Қуандықов.

Ал ұрыс бір бөтелке сыра үшін шыққан. Үйінен мас болып шыққан ер адам қалтасына тағы бір бөтелке салып алған екен. Содан онысын жедел жәрдем көлігінің ішінде ішпек болған. Ал фельдшер жедел жәрдем көлігінің ішінде ішуге болмайтынын ескертсе керек.

Әріптесінің соққыға жығылып жатқанын көрген жүргізуші дереу көлікті тоқтатып, арашаламақ болған. Бұзақыны полиция қызметкерлері де сабасына түсіре алмаған. Содан оның тепкісінен фельдшерді құтқару үшін көзіне газ баллон шашуға тура келіпті.

Жәбірленуші сол күні Қарасай ауданындағы полиция басқармасына арызданған.

Медицина қызметкерін соққыға жыққан – 35 жастағы Қаскелең қаласының тұрғыны болып шыққан. Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі Ақбота Қуанышбекқызының айтуынша, сараптама оның орта дәрежедегі мас күйде болғанын көрсеткен.

Қазір аталмыш факті бойынша, Қылмыстық кодекстің 107-бабы, 1-тармағымен қылмыстық іс қозғалған. Фельдшерді соққыға жыққан жігіт қамауда.

Айта кетейік, бұл жедел жәрдем қызметкерлері таяқ жеген соңғы жартылдағы жетінші оқиға.

Кезекті мәрте әріптестері соққының астында қалған қызметкерлер жоғарыдағылардан өздерін өзгелердің жұдырығынан қорғайтын бір шара қолдануды талап етеді.

Олар жедел жәрдем қызметкерлеріне жұдырық ала жүгіретіндер тек айыппұлмен құтылмаса дейді. Себебі, асқан ауыр жарақат болмаса, кінәлілер өтемақы төлеп, жайына кете береді екен.

"Бұл жерде ер адам болып отыр, ал егер әйел болса ше? Әйел адам қорғана алмайды ғой?! Басынан ұрып тепкілеп тастаса, ертең мүгедек болып қалған жағдайда кім жауап береді? Біз сол үшін заңды күшейтіп, біздің қорғанысымызды күшейтсе дейміз",  - дейді аға фельдшер Айдос Арсланұлы.

Дереккөз КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904045-almaty-oblysynda-nauqastyn-kuieui-feldserdi-soqqyga-zygyp-qolyn-syndyrdy/

pixel