Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"500 мың санап берді": Баласынан айырылған әйелдің сөзі күмән тудырды

Опубликовано:

Әйгерім Сәлімғазы
Скриншот: Youtube/Астарлы ақиқат

Алматыда немересін іздеп табуға көмек сұраған Ғалия Әбішеваның өтініші шиеленіске толы оқиғамен жалғасты. КТК телеарнасындағы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында жария болған отбасылық даудың арты бала сату-сатып алуға байланысты қылмыстық құрамның анықталуымен аяқталуы мүмкін. Студияға келген Ғалия Әбішеваның бұрынғы келіні Әйгерім Сәлімғазы біреулерге алданып, баласынан айырылып қалғанын айтады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Келінім немеремді алып төркінге тайып тұрды" деген Ғалия Әбішева "Астарлы ақиқаттан" көмек сұрады. Алайда келіні Әйгерім Сәлімғазы бір жастан жаңа асқан баласын алып, енесінен де анасынан да қашып кеткен.

Бағдарлама журналистері екі күн бойы іздеп, ақыры Әйгерімді тапқан. Алайда баласы жанында болмай шықты.

Дина Төлепбергеннің "баладан қалай айырылып қалдың?" деген сұрағына Әйгерім нақты жауап бермеді. Ол тек өзінің алданып қалғанын айтып, баланы басқа отбасы асырап жатқанын жеткізді. Бағдарлама жүргізушісіне Әйгерім Сәлімғазының сөзі күмәнді көрінді.

Әйгерімнің анасы Эльмира Құдайбергенованың сөзінше, қызы баласын үйінен 16 қазанда алып кеткен. Содан бері немересінің қайда екенінен хабар жоқ.

Бағдарламаның алдыңғы санынан Әйгерім Сәлімғазының кәмелетке толмай тұрмыс құрғаны белгілі болды. Ата-анасының айтуынша, оның бұрынғы күйеуі қазір әскерде.

Үйлену тойынан кейін Әйгерім ата-енесімен жанжалдасып, баласын анасына апарып, өзі қонақ үй тазалаушы болып жұмысқа кіреді. Әйгерімнің сөзінше, қонақ үйдің әкімшісі баласын біреуге уақытша өткізуге үгіттеп, азғырған. Оның есесіне Әйгерімді үлде мен бүлдеге орауға уәде берген.

"Жәннат деген әйел, күйеуінің аты Жасұлан. Екеуі қалтама 500 мың теңге санап берді. "Күйеуім седьмой отделда жұмыс істейді. Жақсы, бай отбасымыз, оқуыңды бітіргенше саған қарасып тұрамыз" деген Жаннаттың сөзіне сендім. Нотариусқа кіріп шығамыз деді. Маған олар 10 жыл бойы заңды некеде тұрмағандықтарын айтып, нотариусқа неке қиюға келдік деп алдады. Ал менен куәгер болуға өтінді. Қолымды қойып бердім. Мен баламды оларға беріп жатқанымды білмей қалдым", - дейді Әйгерім Сәлімғазы.

Студия қонағы заңгер Ғабит Әмірбек бұл оқиғадан үлкен қылмыстық құрам көріп отырғанын жеткізді.

"Таң қаламын. Баланы зат сияқты нотариус арқылы бір сағатта рәсімдей салу мүмкін емес, бұл өте ұзақ процесс. Заңды тұрғыда бұлай болмайды. Тек сот арқылы жүзеге асады. Тек қана туыстарына уақытша асырап алуға беріледі. Сондықтан мен бұл жерде ұйымдасқан қылмыстық топтың қолын көріп отырмын", - дейді Ғабит Әмірбек.

Әйгерім баласын көрмегеніне алты ай болғанын мәлім етті. Бағдарлама жүргізушісі Әйгерімнің алданғанын немесе 500 мың теңгеге келісіп, сатқанын нақтылау керектігін алға тартты.

"Бұның бәрін біз анықтауымыз керек, бірақ әрине, сен қылмыстық топтың құрбаны болып жатсаң, біз сені және балаңды құтқаруға талпынамыз", - деді Дина Төлепберген.

Бағдарлама редакторлары баланы алып кеткен Жасұлан есімді жігітпен телефон арқылы байланысқа шықты. Тілші баланы не үшін асырап отырғанын сұрады.

"Менің балам болған жоқ. Ал ол қызда баланы қарайтын жағдайы жоқ. Баланың әкесі де жоқ, өзінің әкесі де жоқ деді. Баланы балалар үйіне өткіземіз деді. Сосын мен оны өзімнің қамқорлығыма алдым. Болды. Оны мен сатып алған жоқпын, ешкім маған сатқан жоқ. Ол өзі маған бас тартамын деп қолхат жазып берген", - дейді телефон тұтқасының арғы жағынан Жасұлан есімді жігіт.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904116-balasyn-alty-aidan-beri-kormegenin-aitqan-almatylyq-kelinsektin-sozi-kuman-tudyrdy/

pixel