Есірткі әсерімен: Атырау облысында 15 мазарды қиратып кеткен бұзақыға сот үкімі шықты
Жарияланған күні:
Атырау облысы Қызылқоға ауданының соты өткен жылдың қыркүйек айында Тасшағыл ауылынан 18 шақырым қашықтықта орналасқан зиратта XVIII ғасырдағы емші әрі діни қайраткер Матен қожа әулиенің кесенесімен бірге 15 мазарды қиратып кеткен бұзақыға үкім шығарды деп жазады "Ақ Жайық" басылымы.
Сотқа дейінгі тергеу Қылмыстық кодекстің 314-бабы бойынша ("Өлген адамдардың мәйіттерін және олардың жерленген жерлерін қорлау") жүргізілді.
Аудандық сот сотталушы - 43 жастағы жұмыссыз азамат өкініп, өз кінәсін мойындағанын хабарлады. Оның айтуынша, ол есірткінің әсерінен әрекет еткен.
Оның материалдық зиянды (700 мың теңге шамасында) өтегенін және марқұмдардың туыстары оны түрмеге қамамауды сұрағанын ескеріп, сот бұзақыға 100 сағат мәжбүрлі еңбек етуге міндеттеп, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын берді.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетейік, осыған дейін Атырауда полицейлер есірткімен ұсталып, жұмыстан қуылған еді.
"Ұсталған қызметкерлердің ісін әдеп жөніндегі комиссия қарады. Комиссия қорытындысы бойынша олар теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылды", - деген еді Атырау облысының бас полицейі.
Сонымен бірге тергеу соты бұрынғы екі полицейдің тергеу изоляторына қамалғанын хабарлады. Қазіргі таңда олардан тәркіленген марихуанна сараптамаға жіберілген. Қылмыстық кодекстің 297-бабы, 3 - бөлімі бойынша (Лауазымды адамдар өздерінің қызметтік жағдайын пайдаланып есірткі заттарды сату мақсатында заңсыз иемденуі, сақтауы, тасымалдауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904342-esirtki-aserimen-atyrau-oblysynda-15-mazardy-qiratyp-ketken-buzaqyga-sot-ukimi-syqty/