RU

Атырауда есірткімен ұсталған полицейлер жұмыстан қуылды

Сақшылар
Видеодан кадр: telegram.org/yyedilov

Атырауда есірткімен ұсталған әкімшілік полиция қызметкерлері жұмыстан шығарылды. Бұл туралы Өңірлік полиция департаментінің басшысы Қамза Үмбетқалиев хабарлады деп жазады "Ақ Жайық".

"Ұсталған қызметкерлердің ісін әдеп жөніндегі комиссия қарады. Комиссия қорытындысы бойынша олар теріс себептермен ішкі істер органдарынан шығарылды", - дейді Атырау облысының бас полицейі.

Сонымен бірге тергеу соты бұрынғы екі полицейдің тергеу изоляторына қамалғанын хабарлады. Қазіргі таңда олардан тәркіленген марихуанна сараптамаға жіберілген.

Қылмыстық кодекстің 297 бабы, 3 бөлімі бойынша (Лауазымды адамдар өздерінің қызметтік жағдайын пайдаланып есірткі заттарды сату мақсатында заңсыз иемденуі, сақтауы, тасымалдауы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Еске сала кетсек, бұған дейін Түркістан облысында Жұмабек деген азаматқа сүйеніп, жол ережесін өрескел бұзған көлік жүргізушісі қоғамда қызу талқыға түскен еді. Кейін облыстық полиция департаменті Жұмабек есімді полиция қызметкерінің бар екенін хабардар еткен болатын. Белгілі болғандай бүгінде ол атқарып отырған лауазымынан босатылған.

"Ішкі істер министрінің 2020 жылғы нөмірі 358 бұйрығымен бекітілген полиция стандарттарын бұзғандығы үшін Отырар аудандық бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Жұмабек Төлеген атқарып отырған лауазымынан босатылды", - дейді Түркістан облысының полиция департаменті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1903985-atyrauda-esirtkimen-ustalgan-policeiler-zumystan-quyldy/