Шымкентте жаңадан берілген көпқабатты үйдің тұрғындары іргетастың сөгілгенін айтып дабыл қақты (видео)
Жарияланған күні:
Шымкентте жаңадан берілген 16 қабатты тұрғын үйдің іргетасы сыр беріп, жертөлені жаңбыр суы басты. Осы орайда таяуда ғана пәтерлерін тікелей брондау арқылы сатып алған тұрғындар жанайқайын жеткізді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Іргетасында ақау бар көпқабатты үйдің тұрғындары Shymkent_resmi парақшасында жертөленің видеосын жария етті.
Олар мегаполистің құрылыс басқармасынан жағдайға байланысты жауап беруін сұрады.
"Құрылысшылардың іргестасты герметизация жасауға мүмкіндігі бола тұра жасамауы қолдан жасалған қастандық емес пе? Егер бұл су астыңғы қабатты түгел ерітсе, 16 қабатты көтере алмай, ортаға түспей ме? Тұрғындар қашанғы қорқынышпен өмір сүруі керек? Құрылыс басқармасы, құрылыс компаниясынан істеген ісіне жауапкершілікпен қарауды талап етіңіздер! Мына халыққа жиған-тергенін қайтарып бере аласыздар ма?", - дейді ашынған тұрғындар.
Шымсити шағын ауданы тұрғындарының шағымына қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов жауап берді. Ол барлық кемшіліктер сөзсіз ретке келтірілетіне сендірді.
"Шымсити тұрғындарының шағымдары бойынша құрылыс басқармасының мамандарымен, бас мердігердің қатысуымен Шымсити шағын ауданындағы үйлерге іргелес жатқан аумақтарды абаттандыру жұмыстарын аралап шықтым. Тұрғындар әлеуметтік желілер мен БАҚ арқылы кәріз жұмыс істемейді және барлық су жертөлеге немесе үйдің астына кетті деп шағымданған. Бұл үйлерге белгілі бір қауіп төндіреді.
Өкінішке орай, қазір жаңбырдың салдарынан жұмысты реттеуге мүмкіндік жоқ. Барлығы құрғағаннан кейін біз жауыннан жиналған суды сору, кәріз жүйесінің жұмысы, жұмыстың жобаға сәйкестігі мәселесін қарастырамыз. Барлық кемшіліктер сөзсіз ретке келтіріледі. Сонымен қатар әр үй үшін ақау актісін жасау туралы тапсырма бердім. Сәйкесінше сол арқылы мерзімі көрсетіле отырып жөндеу жұмыстарының жоспары бекітіледі.
Бұл жұмыс жоспарынан үй комитетінің төрайымдары да хабардар болуы шарт. Келесі аптада бас мердігермен бірге ауланы абаттандыру мәселесі бойынша "New city" тұрғын үй кешеніне баруды жоспарлап отырмын. Бұл ауланың проблемасы техникалық қадағалауды дұрыс бақыламаудан, жер тығыздалмағандықтан, жұмыстарды уақытылы жүргізбеу салдарынан туындаған, оның соңы топырақтың шөгуіне әкеп соққан.
Бұл сұрақтардың барлығын келесі аптада егжей-тегжейлі қарастырамыз", - дейді қала әкімі орынбасары Мәулен Айманбетов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904587-symkentte-zanadan-berilgen-kopqabatty-uidin-turgyndary-irgetastyn-sogilgenin-aityp-dabyl-qaqty-video/
Егер сіздің лақапатыңыз ережелердің талаптарына сәйкес келмесе, оны 4 қазанға дейін өзгертіңіз. Әйтпесе, ол автоматты түрде ауыстырылады.