Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстан неге америкалық вакцинаны таңдамады: Сарапшының пікірі

Опубликовано:

Фото
Фото: Ботагөз Кәукенованың жеке мұрағатынан

Елімізде коронавирус инфекциясына қарсы ресейлік "Спутник V" екпесін салу ақпан айында басталған. Алайда вакцинация туралы әркім түрлі пікірде. Біреулер мұны "ақша табу мүмкіндігі" десе, мамандар вакцина – коронавирусқа қарсы күресудің ең тиімді жолы деп есептейді. Осы ретте биолог, медицина ғылымдарының докторы Ботагөз Кәукенова екпеге қатысты ойын білдірді деп жазады Azattyq Rýhy.

"Коронавирус екпесінен мен де қорқамын. Теориялық жағынан сирек кездесуі мүмкін кері әсерлердің болуынан, біздің қолда қазақстандық екпе туралы мәліметтердің жоқтығынан, "Спутник V»"вакцинасына қатысты да түрлі алып-қашпа әңгімелерден... Бірақ мен бәрібір де кез келген қолжетімді екпені ектіруге барамын, себебі, адамдар коронавирустан өліп жатыр. Олардың күтуге уақыты жоқ.

Не үшін екпе салдыруымыз керек? Себебі, вирус ауада "саяхаттап", адамдарға жұға бермейді. Оның өмір сүруі үшін біз керекпіз. Вирусты әлем бойынша біз тасымалдап, онымен ешқашан бетпе-бет кездеспеуі мүмкін жандармен жолығуына жол ашып жүрміз. Демек, вакцинациядан өткендер саны қаншалықты көп болса, короновирустың еркін таралуына соншалықты бөгет болмақ", - дейді маман.

Осы орайда Ботагөз Кәукенова "америкалық вакцинаны неліктен күтпедік" деген сауалға жауап берді.

"Өкінішке қарай, біз экономикалық жағынан әлемнің алдыңғы қатарында тұрған ел емеспіз. Pfizer - жеке меншік компания және оларды ақша ғана қызықтырады. Олар вакцинаның өндіруге алдын ала ақша салып, өнім өндірілмей тұрып кезекке тұрған елдерді қамтамасыз етумен айналысады. Жарайды, олардың жомарттығы ұстап, бізге бір-екі миллионын (доза) гуманитарлық көмек ретінде жіберді делік. Бірақ, екпені ұзақ уақытқа сақтау үшін минус 70 градустық тоңазытқыштар қажет.Бұл үйдегі 20 градустық тоңазытқыш емес, сондықтан ол барлық жерде жоқ. Оны арнайы тапсырыспен жасату керек. Қыруар қаражат қажет. Ақша тауып тапсырыс бердік дейік, ары қарай -70 градустық тоңазытқышты не істейміз?

Pfizer вакцинасын арнайы мұздатылған контейнерлермен жіберген күннің өзінде олар онда ары кетсе 10 күн ғана жатады. Сосын контейнерлерді ашып, әр 5 тәулік сайын құрғақ мұзбен толтырып отырсақ, тағы 30 күн. Ар жағында 5 күн ғана тоңазытқышта сақтай аламыз. Қазақстанға жетуіне 10 күн уақыт кетсе, сосын жүкті Қазақстанның 17 қаласына бөліп тасымалдау, одан ауруханаларға тарату қажет. Ал, аурухана дәрігерлеріне контейнерлерді мұзбен толтырып тұруға тура келеді. Сондай-ақ, екпені 35 тәулік ішінде салып үлгеруі қажет. Миллион доза берді деген күнде 17 қалаға бөлгенде әрқайсысына 59 мың екпеден келеді. Екпе алуға ең алдымен кімдердің баратыны тағы белгілі", - дейді сарапшы.

Сонымен қатар медицина ғылымдарының докторы "Спутник V" вакцинасы туралы да сөз қозғады.

"Көпшілік "Мен "Спутник V" вакцинасын саясиланғаны үшін салдырғым келмейді" дегенді алға тартады. Мен де басында осылай ойладым. Алайда, кейінірек биліктегілердің саяси ойынына ғалымдардың еш қатысы жоқ екендігін түсіндім. Ең бастысы "Спутник V" вакцинасы тиімді болып жатыр. Мен мұны жақсы білемін, себебі, екпе алған адамдардың өзі антиденелерінің санын көрсететін анықтаманы ғаламтор желісіне салып жатыр.

Егер сіз "Спутник V" вакцинасының қауіпсіздігі мен тиімділігіне көз жеткізгіңіз келсе, "Народные отчёты о вакцинации COVID-19" деген екпе алғандардың чатына кіріп, қарап шығыңыз. Аталған топта 17 мың адам бар және сәйкесінше 17 мың есеп бар деген сөз", - деді Ботагөз Кәукенова.

Одан бөлек, биолог екпенің кері әсерін атап өтті.

"Байқауымызша, қазір "Спутник V" вакцинасының кері әсерлері - дене қызуының көтерілуі және бірнеше күн бойы бұлшық еттің ауыруы. Яғни, бұл сіздің ағзаңыздың коронавируспен күресіп жатқанын білдіреді. Ал енді ойлап қараңыз, егер екпедегі вирус ағзаңыздың кішкене бөлігіне осылай әсер етсе, онда нағыз вирусты қалай жеңбекшісіз?

"Жаңа екпені салғызғым келмейді, себебі ол кеше ғана жасалды және оның ішінде не бар екенін бір Құдай біледі" деушілер де жетерлік.

Біріншіден, технология жаңа емес, бұған дейін де бірнеше сынақтан өткізілген. Оларды тек құрылғы ретінде жаңа екпеге қосқан.

Екіншіден, басқа бай елдердің, компаниялардың, ауқатты адамдардың берген қаражатының арқасында ғалымдарда да қомақты ақша пайда болды.

Үшіншіден, әңгіме дәрі-дәрмектер жайлы болған соң, біз олардың ішінде не бар, не жоғын жақсы білеміз. Мәселен, дәрумен немесе емдік шөп қорапшасында не бар екенін ешкім біле бермейді. Вокзалда сатылатын шаурманың ішінде не бар екеніне де мән бермейтіндер жетерлік. Бір қызығы, ғаламторда отырып құндыз қайырын (бобровая струя) немесе бұғының қанын ем ретінде қолданушылардың екпеге қарсы шығатыны біртүрлі...

Екпе мәселесі талқылауды қажет етпейді. Себебі, пандемия жағдайында бұл сіздің адамдар ортасында, қоғамда жүруге мүмкіндік беретін абонементіңіз.

Екпе салдырамын. Маған қолайлы болатын екпені пайдаланымын. Себебі, мен адам өлімін хабарлайтын жаңалықтардан шаршадым! Ата-анама қонаққа баруға қорқамын. Әжем мен атамды құшақтағанда "жұқтырып алмаймын ба" деген мазасыз ойдан шаршадым!" - деп сөзін қорытындылады ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904619-qazaqstan-nege-amerikalyq-vakcinany-tandamady-sarapsynyn-pikiri/

pixel