Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әкім қызметінен кетті": Ақтөбелік шенеуніктің туған інісі заңсыз жер алған болып шықты

Опубликовано:

Фото
Фото: Ақтөбе облыстық прокуратурасы

Прокурорлар жер мәселесін майшаммен қарай бастады. Халық жайылымдық жер дауын айтып, құзырлы орган өкілдерінен көмек сұрады деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ырғыз аудандық прокуратурасы Жер заңнамасын өрескел бұзған ауылдың бірнеше шенеунігін Әдеп жөніндегі кеңеске "ертіп" әкелді.

Әдеп кеңесінде Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Аралбай Ералин, Ырғыз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Арман Нұрекешов, Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары  бөлімінің басшысы Игорь Туртаев және Ырғыз ауылдық округінің әкімі Алтынбек Саринге қатысты тәртіптік іс қаралды. 

Кеңесте Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Аралбай Ералиннің туған інісі атындағы "Нұрғали" шаруа қожалығына маусымдық шөп шабу үшін 15 637 га жер учаскесін уақытша өтеусіз пайдалануға берілген конкурстың заңсыз шығарылғаны айтылды. Бөлім басшысы конкурсқа қатысушы өзінің туған інісінің балы негізсіз жоғарылатып, комиссия мүшелерінің шешімімен бірауыздан оны жеңімпаз деп таныған. Және ол хаттамаға барлық комиссия мүшелері қол қойған.

"Шалғай ауданның жерге қажеттілігі өте көп. Халық ауылшаруашылығына қатысты жерді көп сұрайды. Ырғыз ауданында жер мәселесі өте күрделі деңгейде тұр. Біз жайылымдық алқаптар мәселесін көтерген болатынбыз. Жалпы жасалған жұмыстарға заңдылық тұрғысынан қарайтын болсақ, қанағаттанарлықтан төмен. Жұмыс ұйымдастырылмаған",- деді Ырғыз ауданының прокуроры Жігер Қожықов.

2015-2020 жылдар аралығында жайылымдық алқаптарды беру кезінде заңдылықтар сақталмаған. Жер комиссиясы отырыстарын өткізу хаттамасы аудио-бейне жазбаға сәйкес толтырылмаған.

ФОто
Фото: Ақтөбе облыстық прокуратурасы

Заңсыздыққа жол берген шенеунік әрекетін түсіндіруге тырысты.

"11 жылдан аса еңбек етемін. Осы конкурсқа менің інім де түсті. Бұл комиссия үш рет шақырылып, құрамы шаққа құрылды. Мен басында қатыспай-ақ қояйын деп қарсылық білдірдім. Мен қатыспасам, комиссия отырысы болмай қалатын болды. Рас, менің туған інім. Менімен бірге тұрмайды. Өз отбасы бар. Алған жеріне шаруашылық ашып, мал қыстатып отыр. Менің жазығым - мемлекеттік қызметкер болып, осы комиссия құрамында болғаным. Сонда мемлекеттік қызмет айналасындағылар жұмыс істемей ме? Кәсібін аша алмай ма? Менің айтарым осы, маған қазір бәрібір. Кешіріммен қарау керек еді",- деді аудандық жер қатынастар бөлімінің басшысы Аралбай Ералин.

Ал комиссия құрамында болған ауыл әкімі туыстық қатынастарға мән бермегенін мойындады.

"Мен хатшының айтқанына сеніп қалдым. Және ол адамның Ералиннің інісі екенін өз басым білгенім жоқ. Мән бермеппін. Қызметімді асыра пайдалану деген ой болған жоқ", -деді Ырғыз ауылдық округінің әкімі Алтынбек Сарин.

Кеңес мүшелері бөлім басшысының туған інісінің жер алуына қолдау көрсеткен ауылдық округ әкімі мен жер қатынастары бөлімінің  басшысын жұмыстан шығаруға ұсыныс берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904803-akim-qyzmetinen-ketti-aqtobelik-seneuniktin-tugan-inisi-zansyz-zer-algan-bolyp-syqty/

pixel