Павлодар тұрғыны күйеуінен кетіп қалған қызын үйіне кіргізбей қойды
Жарияланған күні:
Павлодар тұрғыны күйеуімен жанжалдасып, үйіне оралмақ болған туған қызын кіргізбей қойды. Бұл жайт туралы облыстық полиция департаменті өзінің Instagram-дағы ресми парақшасында хабарлады.
Департаменттің мәліметінше, 23 наурызда павлодарлық әйел полицияға әкесі үйіне кіргізбей жатқанын айтып, шағымданған.
Учаскелік инспектор оқиға орнына барған. Инспектор шағым түсірген әйелдің күйеуімен жанжалдасып, ата-анасының үйіне қайтып оралмақ болғанын анықтайды. Әйелдің бұл әрекеті оның жақындарына ұнамаған. Сондықтан әкесі қызын кіргізбей, күйеуіне қайтып оралуын талап еткен.
Салдарынан үйдің подьезінде қызы мен әкесінің арасында жанжал туындайды.
Учаскелік инспектор жанжалдың барлық қатысушыларымен және көршілерімен әңгімелесіп, нәтижесінде әйелдің әкесіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлімі бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттері үшін әкімшілік іс қозғалған.
"Материал сотқа жіберілді", - дейді Павлодар қаласы орталық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Рустам Серғазинов.
Ведомстовның ақпарынша, ағымдағы жылдың басынан бастап Павлодар қаласы ПБ Орталық полиция бөлімінің полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы іс-әрекеттер жасаған 177 тәртіп бұзушыны жауапқа тартқан.
Еске салсақ, бұған дейін сүйіктісімен кездесу үшін баласын бірнеше күн қараусыз қалдырған Екібастұз тұрғыны жазаланғанын жазған едік.
Павлодар облысы, Екібастұз қаласы полиция басқармасының аға инспекторы Фатима Ахметчанованың айтуынша, полицияға үй тұрғындарынан қоңырау келіп түскен.
Олар 12 жастағы қыздың үйде қамаулы отырғанын тәртіп сақшыларына хабарлаған екен.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904848-pavlodar-turgyny-kuieuinen-ketip-qalgan-qyzyn-uiine-kirgizbei-qoidy/