Атырау облысында өзен тасып, елді мекендердегі көпірлерді шайып кетті (видео)
Жарияланған күні:
Атырау облысында төтенше жағдай орын алды. Қызылқоға ауданында су деңгейінің көтерілуіне байланысты Ноғайты өзені арнасынан асып кетті. Нәтижесінде жолдарды, көпірлерді және жаяу жүргіншілер өткелдерін су басты.
Мұғалжар тауының етегінен бастау алатын өзендегі су деңгейі екі күн бұрын жоғары қарқында көтеріле бастады. Ал кеше күшті ағын Сағыз ауылындағы жаяу жүргіншілерге арналған екі көпірді бұзып, "Ақтөбе-Атырау" тас жолын су басты, деп хабарлады "Хабар 24" телеарнасы.
Автокөліктердің қозғалысын жеңілдету үшін билік бірден суды соруға кірісті. Әкімдік зардап шеккендер жоқ деп сендірді.
"Қардың қалыңдығынан жиналып, жаңбыр болды. Жаңбыр қарды ерітіп, өзеннің бойымен сайдың суын толтырып тұр ғой. Ноғайты өзенінің үстімен өтетін көпір болып еді бұрын. Соны бұзып тастады. Енді қайтадан жаңа көпір салу керек. Былтыр уақытша көпір салып қойып еді. Сол уақытша көпірді су шайып кетті. Қазір ол көпірді қалпына келтірдік. Судың деңгейі қазір едәуір түсті", – деді Сағыз ауылдық округінің әкімі Нұрәлі Әбишан.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның 270-тен астам елдімекенінде әлі де су басу қаупі бар екені туралы хабарлаған едік. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министр мәлім еткен болатын.
Ибрагим Күлшімбаев бүгінгі күнге дейін 3 мыңнан астам эвакуациялық орын дайындалғанын атап өтті. Бұл негізінен мәдени-ағартушылық нысандар, сонымен қатар қонақүй қоры.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1904952-atyrau-oblysynda-ozen-tasyp-eldi-mekenderdegi-kopirlerdi-saiyp-ketti/