RU

Қазақстанда су тасқын жағдайына үш мыңнан астам эвакуациялау орны дайындалды

Ибрагим Күлшімбаев
Ибрагим Күлшімбаев. Фото: Хабар 24

Қазақстанның 270-тен астам елдімекенінде әлі де су басу қаупі бар. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министр мәлім етті деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.

Ибрагим Күлшімбаев бүгінгі күнге дейін 3 мыңнан астам эвакуациялық орын дайындалғанын атап өтті. Бұл негізінен мәдени-ағартушылық нысандар, сонымен қатар қонақүй қоры.

Су тасқынына дайындық үшін жергілікті әкімдіктердің бюджеттік резервінде 36,6 млрд теңге бар. Алайда биыл жауын-шашын орташа жылдық мөлшерден аз тіркелді.

Сондықтан құтқарушылар аздаған көлемде тасқын су болады деп күтеді.

"Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері Қазгидрометпен бірігіп, ылғал қорын, қардың қорын, топырақты қатыруды анықтау үшін қар өлшейтін маршруттар бойынша айналып өтуді бастады. Бұл көрсеткіштер тасқын судың қауіпсіз өтуіне әсер етеді.

Бүгінгі күні, зерттеу деректері бойынша, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарындағы өзендер арналарының су мен қар қоры орташа жылдық нормадан аз. Ақмола облысында, Сілеті өзенінің бойында, ол әдеттегі шегінде, тек Қостанай облысында нормадан сәл жоғары", – деді Қазақстан Республикасы төтенше жағдайлар жөніндегі бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаев.

Еске сала кетейік, өткен жылдың бірінші мамырында Өзбекстандағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы бес елді мекенді су басты.

Бұл жағдайдан кейін Мақтаарал ауданында төтенше жағдай жарияланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1897622-qazaqstanda-su-tasqyn-zagdaiyna-us-mynnan-astam-evakuaciyalau-orny-daiyndaldy/