Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жыл сайын миллион теңгеге қымбаттауда": Маман Алматыдан үй алуға қолайлы кезеңді атады

Опубликовано:

Алматы пәтер бағасы
Фото: Изольда Косаеваның жеке мұрағатынан

Жылжымайтын мүлік нарығында бес жылдан бері қызмет етіп жүрген маман Алматыда тұрғын үй бағасының жыл сайын миллион теңгеге қымбаттап жатқанын алға тартады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген риэлтор құрылыс компаниялары бағаны не үшін көтергенін, Алматыдан үй алуға қолайлы кезең қашан туатынын айтты.

Алматыда үй бағасы жыл сайын миллион теңгеге қымбаттап отыр

Алматылық жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры Изольда Косаева бес жыл бойы осы нарықта көрген-түйгенімен бөлісті.

"Мен қызмет етіп жүргелі бес жылдан асып барады. Осы уақытта Алматыда жылжымайтын мүлік бағасы тура 5 миллионға қымбаттағанын байқадым. Мен оны өзім үшін есептеп көрдім. Қарап отырсақ, жыл сайын қалада пәтер құны бір миллионға өсіп отыр. Қанша бөлмелі пәтер екенініне қарамастан. Мысалы Алматының шағын аудандарынан бес жыл бұрын бір бөлмелі пәтерді 10 миллион теңгеге сатсақ, қазір оны 15 миллионға бағалаймыз. Сол себепті әр жылы тұрақты түрде пәтер бағасына бір миллион теңге қосылып отырғанын көріп отырмыз", - дейді ол.

Риэлтор маманның айтуынша, бүгінде қала бойынша пәтерлерге сұраныс көп.

"Сәуір айында әлеуметтік осал топтарға арналған "Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша несие беру басталады. Алғашқы жарнасы 10 пайызды, ал жылдық үстемесі екі пайызды құрайтын мемлекеттік бағдарламамен тек жаңа үйлерді емес, қолданыстағы үйлерден де баспана алуға мүмкіндік бар. Сондықтан сәуір айында баспанаға сұраныс тағы да артуы мүмкін", - дейді Изольда Косаева.

Жаңа үйлердегі пәтер бағасының өсуіне не түрткі болды?

Изольда Косаева құрылыс компанияларының үй бағасын өсіруіне не себеп болғанын топшылады.

"Құрылыс компанияларының жаңа салынып жатқан пәтер бағасын көтеруіне арматураның қымбаттауы тікелей әсер етті. Арматура бағасы былтыр желтоқсан айында бір-ақ күннің ішінде ТМД бойынша 30 пайызға қымбаттап кеткен. Сәйкесінше, құрылыс компаниялары бір мезетте шаршы метр құнын көтеруіне мәжбүр болды", - дейді жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры.

Изольда Косаева пәтердің қымбаттауына зейнетақы қорынан ақшасын алушылардың нөпірі де әсер еткенін жеткізді.

"Бағаның өсуіне зейнетақы қорынан артылған ақшасын алған азаматтардың легі де түрткі болуы мүмкін. Тұрғын үй нарығы дүрлікті. Құрылыс компаниялары бағаны көтеріп еді, екінші нарықтағылар да бағаны өсіріп жіберді, менің үйім неге арзан тұруы керек деп. Қазір олар бағаны аспандатып ұстап отыр", - дейді ол.

Риэлтор Алматыдан үй сатып алуға қолайлы кезеңді атады

Алматыдан үй немесе пәтер сатып алуды ойлап жүрген азаматтарға Изольда Косаева дәл қазір әрекет етуге кеңес береді.

"Менің айтар кеңесім, ештеңені күтпеңіздер. Егер бағасы ұнап тұрса, сәл саудаласып, ала беріңіз. Ештеңені де күтудің қажеті жоқ. Не болары белгісіз. Жылжымайтын мүлік әсте арзандамайды. Бұны мен қазіргі ахуалға байланысты айтып отырған жоқпын. Алматыда тұрғын үй тек қымбаттау үстінде", - дейді ол.

Құрылыс компанияларына қолма-қол ақшаға сатқан тиімді

Риэлтор маман құрылыс компанияларының пәтерлерді қолма-қол ақша сатуға не үшін мүдделі болып отырғанын түсіндірді.

"Қазір нарықта сұраныс көп, ал сатылымдағы тұрғын үй саны аз. Әрине, енді ғана қазаңшұңқыры қазылып жатқан үйлерден пәтер алу қалтаңыз үшін 30 пайызға арзан түседі. Бірақ бұл көп адамдардың талап-тілектеріне сай келмеуі мүмкін. Құрылыс компанияларының пәтерді ипотекаға сата алмайтын себебі банк олардың құжаттарын түгел тексереді. Әрине, банк арқылы сату үшін Тұрғын үй құрылысының кепілдік қорының (ФГЖС) рұқсаты алынуы тиіс. Ол құрылыс компанияларына қосымша жұмыс, оларға қолма-қол ақшаға сата салған жеңіл", - дейді Изольда Косаева.

Изольда Косаева халықтың тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекет жақсы жұмыс атқарып жатқанын алға тартады. Алайда риэлтор карантин кезінде көп адамның ипотека алу мүмкіндігінен де айырылып отырғанын жеткізді.

"Алматы жастары", "Бақытты отбасы", "Шаңырақ", "Әскери баспана", "Баспана хит", "7-20-25" сияқты бағдарламалар бар. Жақында әйелдерге арналған ипотека ашылмақ. Жақсы бағдарламалар. Бірақ барлығы да табысты растауды талап етеді. Оған карантинде көп адамның жұмыссыз, табыссыз қалуы әсер етті. Бұрын "Отбасы банкінен" депозит сатып алып, табысты растамай ипотека рәсімделетін еді. Қазір ондай жол жоқ. Карантинге байланысты жұмыс бірде бар, бірде жоқ болып отырған жағдайда ипотека алу мүмкіндігі екінің біріне бұйырмайды", - дейді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905156-zyl-saiyn-million-tengege-qymbattauda-maman-almatydan-ui-aluga-qolaily-kezendi-atady/

pixel