Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Полицейлерді вакцина алуға мәжбүрлеп жатыр": Атырау полициясы жауап берді

Опубликовано:

Жылыой полицейлері
Фото: "Ақ Жайық" басылымы

Әлеуметтік желіде Жылыой аудандық полиция бөлімінің бастығы Ерболат Досмағұлов қарамағындағы барлық қызметкерге коронавирусқа қарсы вакцина егуді бұйырған аудиожазба тарады. Бұл ретте вакцина егуге мәжбүрлеу заңсыз екенін ескерген жөн.

Тәртіп сақшылары жазбадағы Ерболат Досмағұловтың дауысы екенін растады. Ол аудионы What’s app мессенджеріндегі қызметтік чатқа жіберген деп жазады "Ақ Жайық" басылымы.

"Бәрің вакцина егуге міндеттісіңдер! Барлығыңды ескертемін! Теңіз полиция бөлімі: "Мен бармаймын" немесе "бас тартамын" деген әңгіме емес! Серікқали Тасқалиев тізім жасайды, бөлім басшылары екпе жасауды ұйымдастыруы тиіс. Әсіресе, Теңіз полиция бөліміне қатысты...

Еркебұлан Сембаев, ертең ауысымға түсетіндердің бәрін әкелесіз, оларға бір сағат ішінде вакцина егілуі керек. Бүгін ауысымда болғандарға вакцина ертең таңертең егіледі. Мені алдап-соғамын деп ойламаңдар. Бәріңе түгел вакцина егілу керек.

Мен вакцина қабылдамауды шештім деген ешқандай уәждеріңді қабылдамаймын. Қарсылық білдіргендер кадр қызметіне барып, түсіндірсін. Қалай болғанда да вакцина егу болашақта міндеттелетін болады. Кешке бәрін тексеремін",- делінген аудиожазбада.

Бұл жайтқа қатысты NUR.KZ тілшісі Атырау облысы полиция департаментінен пікір алды. Желіде тараған аудиожазбада расында Жылыой аудандық полиция бөлімінің бастығы сөйлеп тұрғаны анықталды.

Хабарлама жайында Ерболат Досмағұловтың өзі де жауап берді. Айтуынша. қазіргі уақытта тәртіп сақшылары қазір коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдап жатыр.

"Ғалымдар аурудың бетін қайтару үшін вакцинациялаудың маңыздылығын айтып жатыр. Мен қызметкерлерге вакцина салуды кейінге қалдырмай, жедел түрде ұйымдастыруды тапсырдым. Жылыой ауданы облыста ауру жұқтырғандар бойынша алдыңғы орында тұр. Карантин басталғалы Теңіз кен орнында блок- бекет жұмыс істеп жатыр.

Аурумен күресте дәл дәрігерлер сияқты алдыңғы шепте жүрген полицейлердің қауіпсіздігі үшін вакцина салу - кейінге қалдыратын іс емес. Сондықтан осындай аудиожазба жібердім. Алайда, ешкім қинап, мәжбүрлеп вакцина салдырмайды. Жылыой аудандық полиция бөлімінің бастығы ретінде жеке құрамның денсаулығы маңызды екенін атап өткіп келеді. Себебі, тәртіп сақшылары халықпен үнемі етене тығыз байланыста. Аудиожазбадағы ақпарат тек қызметкерлерге айтылған және олардың денсаулығына уайымдаған соң жолданған",- деді Ерболат Досмағұлов.

Өңір полиция департаменті қызметкерлер 16 наурыздан бастап коронавирус инфекциясына қарсы вакцина қабылдай бастағанын мәлімдеді.

Кезекте бірінші халықпен тығыз байланысатын учакскелік инспекторлар мен патрульдік полицейлер тұр. Қазіргі уақытта Атырау облысында 460 қызметкердің 20 пайызына екпе салынған. Вакцинация алдында адамның денсаулығы толық тексеріледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905364-policeilerdi-vakcina-aluga-mazburlep-zatyr-atyrau-policiyasy-zauap-berdi/

pixel