Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Жүнін жұлған тауық": Белгілі ақын қазақшаға шорқақ шенеуніктерді сынға алды

Опубликовано:

Фото
Ұлықбек Есдәулет. Фото: Егемен Қазақстан

Қазақстан жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет сенатта өткен парламенттік тыңдауда тіл тағдырын шешетін негізгі заңдардың әлі дүбәра күйінде екенін мәлімдеді деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Оның сөзінше, тіл тағдырын шешетін заңнамалардың ең негізгілері әлі дүбәра күйінде.

Тілге қатысты комитеттер мен орталықтар дайындап ұсынған қаулы-қарар жобалары бесіктен белі шықпай жатып күзеу-түзеуге ұшырайды деп отыр.

"Себебі – бұл бағдарламалар мен қаулылар қабылданар алдында сараптан өткізетін министрліктердің және үкіметтің, қала берді президент әкімшілігі заңгерлерінің қатарында қазақ тілін білмейтін немесе қазақшаға шорқақ мамандардың отыруынан", – деді ақын.

Ұлықбек Есдәулеттің сөзінше, ондай шенеуніктер құжаттың тиімсіз әрі ұнамсыз тұсын өзгертуге мәжбүр ететін тұжырымдама беруге тырысады. Соның салдарынан қаулы-қарарлардағы мемлекеттік тілдің бағын ашатын баптар жол-жөнекей өзгертіліп жатады.

Ақын бір заң екінші заңның бағын байлайтынын жеткізді.

"Сөйтіп, отыз ордан омақасып өтіп, қырық қайшыға кездескен, әбден түзетіліп, күзеліп, жұлмаланған тіл бағдарламалары мен қаулыларының жобасы алдымен үкімет басшысының, соңынан ел басшысының алдына қол қоюға барады. Ал олар жобаның шетінде он министрдің, жиырма шенеуніктің қолдаған қолы тұрғасын соларға сеніп, ежіктеп отырмай, елге, ұлтқа керек құжат деп есептеп, тоқтатпай тезірек бекітіп беруге тырысады", – деді жазушылар одағының төрағасы..

Осы орайда, ақын қазіргі "Тіл туралы" заңды осындай қияметтің қылкөпірінен өткен құжаттардың шалажансар нұсқасы деп атады.

"Біздің басшылыққа алып, пайдаланып жүргеніміз – тіл туралы заңнама емес, жүнін жұлған тауық! Туған тіліміздің өгізі өліп, арбасы сына беретіні осыдан. Тілдің заңын ойдағыдай түземей жатып, тілдің қамын жеу – бос әурешілік", – деді Ұлықбек Есдәулет.

Жазушылар одағының басшысы Түркияда болған бір кездесуді еске алды. Бір ретте ол Түркі халықтарының дүниежүзілік құрылтайында Түркияның мәдениет министрі Намық Кемал Зейбекпен кездескен.

"Ол кісі "Сәлеметсіз бе?", – деп сәлемдескен соң, "Сіз қазақша білесіз бе?" деп сұрап едім: "Мен қазақшаны Қазақстанның кейбір министрлерінен жақсы білемін" деп естен кетпес жауап берген еді. Одан бері жиырма жылдан астам уақыт өтті. Үкімет неше рет ауысты. Бірақ біздің біраз министрлердің қазақшасы әлі сол шалапұшық күйінде", – деді Есдәулет.

Айта кетейік, сенатта "Жаһандану дәуірінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу – кешенді жаңғырудың негізі" тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Шараға үкімет мүшелері, ғалымдар мен сенаторлар қатысып, ұлттық құндылықтарды дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905384-zunin-zulgan-tauyq-belgili-aqyn-qazaqsaga-sorqaq-seneunikterdi-synga-aldy/

pixel