Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Істі аяғына жеткізу керек": Экология министрі Ақтөбедегі шошқа фермасына барды

Опубликовано:

Фото
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Ақтөбе облысында жүр. Еліміздің бас экологы Ақтөбеде үлкен мәселеге айналған Алға ауданы Бестамақ ауылындағы шошқа фермасына да барды. Министрді шошқа базасының жайын көтеріп жүрген ауыл тұрғындары мен қоғам белсенділері күтіп алды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Қоғам белсенділері заңсыз жұмыс жасап, өлекселерді айналаға көміп тастаған шаруашылық мәселесін тез арада шешуді сұрады.

"Қалдықтар сіңіп, жер асты суларын бүлдіріп жатыр. Лоборатория жасап, тағы да анықтау жүргізуді сұраймыз. Шошқа өсіретін кешіннің айналасындағы ауыл тұрғындары есіктің алдына шыға алмайды. Иіске төзу мүмкін емес. Біз қажет болса, мәселені Нұр-Сұлтан қаласына барып та көтеруге дайынбыз",-деді белсенділер.

Мырзағалиев тексеру қорытындыларын жеделдетіп, мәселенің заң аясында орынды шешілуіне бірлесе ықпал жасайтындарын жеткізді.

"Былтырдан бері үлкен проблема көтерілді. Түсірілген видеоларды көрдік. Нұр-Сұлтан қаласында отырып, өңірлерде не болып жатқанын білмейді деп ойламаңыздар, білеміз. Кешен проблемасы бәрімізге жақсы таныс. Заңды түрде аяғына дейін жеткізу керек, жеткіземіз. Біз тексеру процестерін жеделдетуге атсалысамыз. Бестамақ мәселесі бойынша сот шешімі бар. Қожайындары келтірілген залалдарға байланысты айыппұл төлейді, және бәрін қалпына келтіруге тиіс",-деді Мағзұм Мырзағалиев.

2008 жылдан бері жұмыс жасап тұрған "Парижская коммуна" ЖШС-нің өкілі министрдің алдында кемшіліктерді жоюға уәде берді.

"Анықталған заң бұзушылықтар бойынша кемшіліктер жойылып жатыр. Барлығын қалпына келтіруге уақыт керек. Кешен 14 жылдан бері жұмыс жасап тұр. Мұнда 400-ге жуық адам еңбек етеді. Экология мәселесін көтеріп отырған ауыл тұрғындарының жайын түсінеміз. Біз де алаңдаймыз. Кемшіліктерді жоюға дайынбыз",- деді "Парижская коммуна" ЖШС-нің өкілі.

Ал Алға ауданының әкімдігі шошқа фермасына салынған 7 млрд теңге айыппұлдың дауына қатысты мәселе әлі де ашық тұрғынан айтты.

"Парижская коммуна" ЖШС-нің мәселесіне қатысты экология департаменті тарапынан сотқа тиісті талап арыз берілді. Көң қоймасының жұмысы жуық арада тоқтайды деген соттың нақты шешімі бар. Қазір айыппұлдың көлемі бойынша келіспеушілік болып жатыр. Қожалыққа қатысты 13 әкімшілік іс қозғалған болатын. Қазіргі күні 14 млн теңге көлеміндегі айыппұлдар төленді. Бірақ 7 млрд теңге айыппұлға қатысты ферма апелляциялық шағым беріп отыр",-деді Алға ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Ермағамбетов.

Еске салсақ, 2020 жылы қараша айында Бестамақ ауылының тұрғындары шошқа фермасын жабуды талап еткен болатын. Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде лас заттар шығарындыларының шамадан тыс көлемі мен қалдықтары көму, өндірістік суды рұқсатсыз төгу фактілері үшін фермаға 7 млрд теңгеге жуық айыппұл салынды. Қазіргі уақытта сот процестері жалғасып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905419-isti-ayagyna-zetkizu-kerek-ekologiya-ministri-aqtobedegi-sosqa-fermasyna-bardy/

pixel