"Ыңғайсызданамыз": Желіде көптің талқысына түскен ауыл атауының қайдан шыққаны белгілі болды
Жарияланған күні:
Түркістан облысының Бәйдібек ауданында Шалдар деген ауыл бар. Бірнеше күннен бері әлеуметтік желі қолданушылары елді мекен атауын қызу талқылап жатыр. Арасында сөздің түбірі "шал" екенін тілге тиек етіп, әжуаға айналдырғандар кездеседі деп жазады Sputnik Қазақстан.
Басылым мәліметінше, Шалдар ауылы Бөген ауылдық округіне қарайды. Ауылда 500-ге жуық үй бар, 2,5 мыңға жуық адам тұрады.
"Шалдар ауылы тұрғындарының басым бөлігі көпшілігі ауыл шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде мал және егін шаруашылығына ден қойған", – дейді Бөген ауылдық округі әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қанат Қонысбеков.
Ал ауылдағы ардагерлер алқасының төрағасы Заманхан Аманжолов бұл атаудың қайдан шыққанын егжей-тегжейлі айтып берді.
"Шалдар" совхозы 1944 жылы құрылған. Оған дейін Сталин совхозының бөлімшесі болды. Бізде Ұлы жүздің Сіргелі руының ішінде Шалдар деген ру бар. Соның атына беріліп, солай аталып кетті. Содан кейін бірнеше рет атауын өзгертеміз деді, бірақ болмай қалды. Егемендік алғаннан кейін де 1-2 жыл бұл мәселе қозғалды", – дейді қария.
Алайда, ауылдың атын қандай атқа ауыстыру туралы жергілікті тұрғындардың нақты ұсынысы жоқ. Тек, қазақтың небір көрнекті азаматы бар екені айтылды.
"Ауыл атын өзгертуге ынта да жоқ. Бір айтылып, содан өзгеріссіз қалды. Ауылда Шалдар руынан шыққан 15 үй ғана бар. Ал енді бұл атауға ешкімнің де қарсылығы жоқ. Бұл тарихи атау. Ауыл атынан біз де ыңғайсызданамыз. Басында ауылда Шалдар руы тұрған. Кейіннен орыс, неміс, иран, шешен ұлты келіп, "Чалдарский" болып кетті. Оған ешкім көңіл аударған жоқ", – дейді ардагерлер алқасының төрағасы.
Ал бұл атауға қатысты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының ономастика бөлімінің меңгерушісі Қыздархан Рысберген өз ойын жеткізді. Ғалым бұл атауды өзгертудің қажеті жоқ деп санайды.
"Қазақстанның картасында ру аты беріліп, тарихи атау ретінде қалыптасқан атаулар бар. Мысалы, Найманарық, Сіргелітау, Қанжығалы төбе... деп жалғастыра беруге болады. Бұл бұрыннан қалыптасып кеткен. "Шалдар" деген кілең шал тұратын ауыл емес, қалыптасып қалған атау. Оған тиісудің қажеті жоқ деп есептеймін. Солай тұрғаны дұрыс", – дейді Рысберген.
Маманның сөзінше, осы тектес этноним атаулар қазақтың тарихын, болмысын көрсетіп тұрады.
"Тәуелсіздік алғаннан кейін айтылып, кейінгі жылдары қойылған болса, жөні басқа. Ал бұл – этноним атау. Мұндай атаулар тарихи болмысты көрсетіп тұрады деуге болады. Бұл біздің ғана тарихымызда бар жағдай емес. Халық, ру-тайпаның атауын бір жерге, елді мекенге беретін жағдайлар жиі кездеседі. Бұл жерде тілдің әмбебаптық қасиеті жатыр. Халық, ұлыс болған соң, қандай да бір ру-тайпа сол жерді мекендеп тұрған соң соның атымен қалады. Аталым ретінде тұрақталады", – дейді Қыздархан Рысберген.
Ғалым Молдавия жерінде "Қоңырат", Әзербайжанда "Қазақ" деген атаудың бар екенін мысал ретінде көрсетті.
Жердің аты – тарихтың хаты. Бұл – тарих. Мұндай атаулар кездеседі. Қазіргі кезде ру-тайпалардың атын қоймау керек. Ал тарихи қалыптасқан атаулар қала беруі қажет, деп түйіндеді ғалым.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905640-yngaisyzdanamyz-zelide-koptin-talqysyna-tusken-auyl-atauynyn-qaidan-syqqany-belgili-boldy/