Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көлік салығына қатысты жиі қойылатын сұрақтарға мемлекеттік кірістер комитеті жауап берді

Опубликовано:

Көлік
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті көлік салығына байланысты мәселені тез шешуге көмектесетін топ-8 сауалға жауап берді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1-сұрақ

Егер мен көлікті сенімхат бойынша сатсам, салықты мен төлеймін бе, әлде автокөліктің нақты пайдаланушысы төлей ме?

Жауап:

Салық кодексіне сәйкес, көлік құралына меншік құқығы тіркелген жеке тұлға салық төлейді. Яғни, көлік кімге тиесілі болса, салықты сол адам төлеуі керек.

Сондай-ақ көлікті пайдаланушы адам көлік иесінің ЖСН және Т.Ә.Ж көрсетіп, салықты төлеуіне болады.

2-сұрақ

"Kaspi Bank" АҚ мобильді қосымшасында басқа жеке тұлғалар бойынша көлік құралдары салығының сомасы туралы хабарлама келді.

Жауап:

Өткен жылы сіздің мобильді қосымшаңыз арқылы, үшінші тұлғаларға салық төленгендіктен, пайдаланушыға осы үшінші тұлға туралы хабарлама жіберіледі. Біз сізге бұл ескертуді елемеуге және бұл тұлға үшін төлем жасамауға кеңес береміз.

3-сұрақ

Әйелі күйеуі үшін салық төледі, алайда күйеуіне көлік салығы үшін қарыз келді.

Жауап:

Салық кодексіне сәйкес, көлік құралына меншік құқығы тіркелген жеке тұлға салық төлейді. Бұл жағдайда салықты төлеуші күйеуі. Осы ретте жұбайы жолдасының атынан көлік құралына салық төлей алатынын айта кетейік. Дегенмен жіберілетін төлемде көлік иесінің ЖСН мен Т.Ә.Ж көрсетілуі қажет.

4-сұрақ

Егер автокөлік бірнеше жыл бұрын сатылса және оған салық төлеу туралы хабарлама келсе не істеу керек?

Жауап:

Көлік құралдары салығы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің орталық деректер базасы мәліметтерінің негізінде есептеледі.

Егер уәкілетті органның мәліметі бойынша көлік құралы есепте тұрса, салық органдары осындай көлік үшін салықты есептеуге міндетті.

Көлік құралын есептен шығару үшін мамандандырылған ХҚКО немесе ХҚКО жүгіну қажет. Бұл ретте, тіркеу есебінен шығару күніне дейін есептелген берешек пен салық сомасын төлеу қажет.

5-сұрақ

Автокөлік 2016 жылдың мамыр айынан бастап ұрлау фактісі бойынша іздеуде. Мен салық төлеуім керек пе?

Жауап:

Салық органдарына көлік құралдарын тіркеу саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган ұсынатын қылмыстық іс қозғау фактісін (күнін) растайтын мәліметтер іздеу салынған көлік құралын салық төлеуден босатуға негіз болады.

Мұндай салықты есептеу қылмыстық іс қозғалған күннен бастап тоқтатылады және қылмыстық іс жабылған күннен бастап қайта басталады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сіз тиісті қылмыстық іс қозғалған күннен бастап іздестіру кезеңінде көлік құралдары салығын төлеуден босатыласыз.

6-сұрақ

Жол-көлік оқиғасынан кейін көлік жарамсыз күйде және пайдаланылмайды, осы автокөлік үшін көлік салығын төлеу керек пе?

Жауап:

Иә, салық төленуі керек, әзірге көліктің иесі бар және көлік жол полициясы органдарында тіркеу есебінде тұр. Осындай көлік құралы бойынша салық міндеттемесін орындауды тоқтату үшін оны тіркеу есебінен шығару қажет.

7-сұрақ

Көлік салығы бойынша қарыз келді. Көлік 2020 жылы сатылды және салық есептен шығарылған кезде төленді.

Жауап:

Салық органының барлық есептеулері және төленген салық сомалары салық төлеушінің дербес шотында көрсетіледі.

Сонымен бірге іс жүзінде азаматтар көлік құралын иеленудің соңғы жылы үшін салық төлейтін жағдайлар жиі туындайды. Шын мәнісінде, олар алдыңғы кезеңдер үшін қарыздарын өтейді, ал ағымдағы жылға салық төленбейді.

Осыған байланысты көлік құралын есептен шығарғанға дейін оның нақты иелену кезеңі үшін салық сомасы келеді. Осылайша, қарыз туралы ақпарат алған жағдайда, сіз салық берешегін төлеуіңіз қажет.

8-сұрақ

2020 жылы шетелден көлемі 5700 текше сантиметр "Лексус 570" автокөлігі әкелінді және есепке қойылды. Салық органында 500 мың теңгеден артық салық сомасы есептелінді. Салық сомасы неліктен көп?

Жауап:

Қазақстан Республикасында 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін шығарылған (жасалған немесе құрастырылған) немесе Қазақстан Республикасының аумағына 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін әкелінген, қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін Салық кодексінің 492-бабының 2-тармағына сәйкес жоғары ставка бойынша есептеледі.

Сіздің жағдайда көлігіңіздің бастапқы тіркеу күні – 2020 жыл, яғни 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін, салық сәйкесінше жоғары мөлшерлемемен есептеледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905743-kolik-salygyna-qatysty-zii-qoiylatyn-suraqtarga-memlekettik-kirister-komiteti-zauap-berdi/

pixel