Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ағасының сарайынан табылған": БҚО-да өрт сөндірушіні сабап өлтірген кім екені анықталды

Опубликовано:

Ақан Нұрғалиев
Фото: БҚО полиция департаменті

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті ауылдық өрт сөндіру бөлімі бастығының өліміне қатысты тың деректер жариялады. 46 жастағы Ақан Нұрғалиев өз туысының сарайында өлімші етіп сабалған күйде табылған. Келесі күні азамат Ақжайық аудандық ауруханасында көз жұмды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Полицейлер мәліметіне сүйенсек, марқұм мен Қарауылтөбе ауылы тұрғынының арасында кикілжің туындаған. Өрт сөндіру бөлімінің бастығы бөгде адамның көлікті өзіне қарасты объектінің аумағына қоятынына наразылық білдірген.

"№27 өрт сөндіру бөлімінің бастығы күдіктінің үйіне барады. Ол азаматқа нысан аумағына көлік қоймауды ескертеді. Азаматтардың арасында жанжал туады. Кейін 29 жастағы күдікті мас күйінде өрт сөндіру бөліміне барады. Ол қызметкерлерден бастықты шақыруды сұрайды. Артынша оған жұдырық жұмсай бастайды. Төбелестен кейін екі азамат та бөлім аумағынан кетіп қалады",- дейді БҚО ПД ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

Ал 26 наурыз күні Ақан Нұрғалиев туған ағасының үйіндегі сарайда сабалған күйі табылыпты. Азаматтың сегіз қабырғасы сынып, басы түгелдей көгерген екен.

Өкінішке қарай, дәрігерлер Нұрғалиевті құтқара алмады, ол алған жарақаттары салдарынан жансақтау бөлімінде қайтыс болды. Ал күдікті - жұмыссыз, бірнеше рет істі болған.

"Күдікті ұсталды. Оның осыған дейін заңға қатысты мәселелері болған. Ұсталған азаматқа қатысты Қылмыстық кодекстің 106-бабы 1-бөлігі (ауыр дене жарақатын салу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты іс осы баптың үшінші бөлігі бойынша қайта сараланды. Санкция 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді",- деді полицияда.

Облыстық ТЖД марқұм туыстары мен жақындарына тиісті көмек көрсетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905842-agasynyn-saraiynan-tabylgan-bqo-da-ort-sondirusini-sabap-oltirgen-kim-ekeni-anyqtaldy/

pixel