Биылғы пітір садақаның мөлшері бекітілді
Жарияланған күні:
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген мәжілісінде биылғы пітір садақаның, зекет пен підияның мөлшері анықталды деп хабарлайды muftyat.kz.
"Биыл пітір мөлшері 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды", - делінген хабарламада.
Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың сөзінше, тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтай отырып қысқа сүрелер оқылады. Ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізіледі.
Сондай-ақ ол қасиетті айда онлайн және тікелей эфирде бірнеше жоба ұсынылатынын жеткізді.
Ақпарат және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Марат Бектазинов ай бойы "Рамазан – ұлық ай" атымен тікелей эфир ұйымдастырылатынын айтты. Одан бөлек, әлеуметтік желілерде орталық мешіт парақшаларында облысқа танымал тұлғалармен "Рамазан – он екі айдың сұлтаны" атты күнделікті онлайн сұхбаттар өткізіліп, "Берекелі Рамазан" деген атпен апталық марафон болады.
"Халық арна телеарнасынан тікелей эфирде Рамазанға қатысты жобалар көрерменге жол тартпақ", - деді Марат Дәлелханұлы.
Еске сала кетсек, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы "екпе егу оразаны бұза ма" деген сауалға жауап берді.
Негізінде шариғат бойынша кез келген нәрсе табиғи жолдар (ауыз, мұрын, тік ішек) арқылы ішке кірсе, оразаны бұзады. Ал дене арқылы кірсе, оразаны бұзбайды. Бұл туралы "Фәтауа Һиндия" кітабында "Терідегі ұсақ тесіктер арқылы май секілді заттың ішке кіруі оразаны бұзбайды" делінген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1905981-biylgy-pitir-sadaqanyn-somasy-anyqtaldy/