Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"10 күн қалды": Мүфтият өкілі эпидахуалға байланысты биыл ораза ұстауда ескеретін жайттарды атады

Жарияланған күні:

Хасан Аманқұл
Фото: muftyat.kz

Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталады. Эпидемиологиялық ахуалдың асқынуына байланысты ораза ұстаудың ерекшелігі жөнінде KAZ.NUR.KZ тілшісіне ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұл айтып берді. Діни басқарма өкілі биыл оразаға дайындық жайын сөз ете келе, ауыз бекітуге ниет еткен жандарды денсаулыққа мән беруге шақырды.

Хасан Аманқұл Ислам дініндегі бес парыздың бірі оразаға қандай дайындық жасау керектігін айтты.

"Ислам дінінде бес парыз бар, соның бірі - Рамазан айында ораза ұстау. Алла Тағала Құран Кәрімде шамасы келген адамдарға ораза ұстауға бұйырды. Ораза - өте маңызды ғибадаттардың бірі. Оған әрбір мұсылман өзінше дайындық жасайды.

Сол дайындықтың біріншісі, ораза ұстауға шамасы келетін мұсылманның "Рамазан айы келе жатыр, осы айда ораза ұстаймын" деген батыл шешімі, ниеті болу керек.

Екіншіден, Рамазан айына әркім өзіне арнайы жоспар құру керек. Өйткені әрбір жоспарлы істің ұтымды болары ақиқат. Рамазан айының жоспарын жасағанда оразаның шариғатқа сай әрі пайдалы өтуін ескеру қажет.

Сондай-ақ ораза ұстаған адам әрдайым Алла Тағаланың бақылап тұрғанын сезіну керек. Әрдайым Алланы сезініп тұру адамдың жүрегін тазартады, тыныштандырады. Бұл айда адам өз бойындағы жаман қасиеттерден арылуы, күнәлі істерден тыйылуы, барынша үлгілі азамат болуға ұмтылуы керек.

Ораза ұстаған адамның оразасы себебінен күнәлары кешіріледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): "Рамазан айында шынайы ықыласпен ораза ұстаған адамның алдынғы күнәлары кешіріледі", – деген. Сонымен қатар ораза ұстаған адам да кешірімді болу керек. Бұрынғы өткен аразды, өшпендікті ұмыту керек.

Рамазан айы - мейірім, шапағат, қайырымдылық айы. Аштықты қиыншылықты көрген адам мұқтаж адамдардың жағдайын ойлай бастайды. Адамның жүрегі тазаратын, тыныш табатын нәпсімізді тізгіндеп, басқаратын жағдайға өтетін ай. Міне осы айға жоспар құру дегеніміз - оны барынша өзімізге сауапты іске жұмсауға мақсат қоя білу", - дейді Хасан Аманқұл.

Дін маманы пандемия жағдайында ораза ұстаудың ерекшелігі - денсаулыққа аса мән беру екенін атап өтті. Айтуынша, биыл мейлінше сәресі уақытын жіберіп алмай, уақытылы ауыз бекітіп, ауыз ашу, демалу маңызды.

"Көптеген азаматтар оразаны жұмысымен қатар алып жүреді. Олар да көбірек құлшылық етіп қалғысы келеді. Дегенмен денсаулыққа да көңіл бөлу керек. Күні-түні құлшылық етемін деп, әлсіреп қалмау керек. Өйткені қазіргі пандемия жағдайында ауру жұғудың қауіпі жоғары болады. Ал әлсіз адамдарға ол тез жұғады ғой. Сонымен қатар сәресіге тұрып, жақсы тамақтану, сәресін ішу де аса маңызды. Ал ауыз ашарда тоя тамақ жеу зиян. Қайтсе де, әркім өз шамасына қарап құлшылық ету керек", - дейді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906007-10-kun-qaldy-muftiyat-okili-epidaxualga-bailanysty-biyl-oraza-ustauda-eskeretin-zaittardy-atady/