"8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні": Биыл Рамазан айы қашан басталады
Жарияланған күні:
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл қасиетті Рамазан айының қашан басталатынын, Қадір түні және Ораза айттың қай күнге сәйкес келетінін айтты деп хабарлайды muftyat.kz.
Мүфтияттың кеңейтілген төралқа мәжілісінде шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталып, 12 мамырда аяқталатынын хабарлады.
"Рамазан айы 30 күн болады. 13 мамыр – Ораза айт күні. 8 мамырдан 9 мамырға қараған түн – Қадір түні", - дейді Сансызбай Құрбанұлы.
Жиын барысында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жамағаттың ыңғайына қарай онлайн дәрістер мен Құран үйрету сабақтарын өткізуді жалғастыру керектігін атап өтті
Сондай-ақ ол халыққа пайдалы уағыз тарату мақсатында тікелей эфирлер ұйымдастырып, мүмкіндігі жоқ жандарға ауызашар пакеттерін жеткізу шараларын да қолға алуды тапсырды.
"Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы кіреді. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – сондай бір ерекше ай. Еліміздегі қаншама бауырларымыз осы айды күтеді, оразасын ұстайды. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін!
Қазіргі жағдайды ескере отырып, ең бастысы тазалық пен тәртіп жағына көңіл бөлсек. Осы айда мейлінше қайырымды істерді көбірек атқаруға шақырамын", - дейді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Еске сала кетсек, бұған дейін мүфтият биылғы пітір садақаның мөлшерін де жария еткен еді.
Биыл пітір садақа мөлшері - 420 теңге.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906015-8-mamyrdan-9-mamyrga-qaragan-tun-qadir-tuni-biyl-ramazan-aiy-qasan-bastalatyny-belgili-boldy/