Рамазан айының ораза және намаз кестесі жарияланды (фото)
Жарияланған күні:
Қасиетті Рамазан айы 13 сәуір күні басталып, 12 мамырда аяқталмақ. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республика аймақтарына арналған Рамазан айындағы ораза мен намаз кестесін жариялады.
"Назарларыңызға 2021 жылғы Қазақстан елдімекендерінің Рамазан айындағы ораза және намаз кестесін ұсынамыз! Төралқа Мәжілісі мүшелерінің бірауызды шешімімен биылғы пітір садақа мөлшері 420 теңге болып бекітілді", - деп жазған muftyat.kz сайты кестені жария етті.
Қасиетті Қадір түні мамырдың 8-інен 9-ына қараған түніне сәйкес келеді. Ораза айт болса, 13 мамырға түсіп тұр.
Еске салсақ, бұған дейін мүфтият өкілі эпидахуалға байланысты биыл ораза ұстауда ескеретін жайттарды атаған еді. Хасан Аманқұл Ислам дініндегі бес парыздың бірі оразаға қандай дайындық жасау керектігін айтты.
"Ислам дінінде бес парыз бар, соның бірі - Рамазан айында ораза ұстау. Алла Тағала Құран Кәрімде шамасы келген адамдарға ораза ұстауға бұйырды. Ораза - өте маңызды ғибадаттардың бірі. Оған әрбір мұсылман өзінше дайындық жасайды. Сол дайындықтың біріншісі, ораза ұстауға шамасы келетін мұсылманның "Рамазан айы келе жатыр, осы айда ораза ұстаймын" деген батыл шешімі, ниеті болу керек. Екіншіден, Рамазан айына әркім өзіне арнайы жоспар құру керек. Өйткені әрбір жоспарлы істің ұтымды болары ақиқат. Рамазан айының жоспарын жасағанда оразаның шариғатқа сай әрі пайдалы өтуін ескеру қажет", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906108-ramazan-aiynyn-oraza-zane-namaz-kestesi-zariyalandy-foto/