"Жігіттің жақсысын қалай тануға болады": Психолог интернет арқылы танысатын жігіттерді топқа бөліп берді
Жарияланған күні:
Карантин, локдаун жағдайында адамдардың бір-бірімен бетпе-бет кездесіп, танысуы сиреп барады. Түрлі мессенджерлер мен танысу сайттарының заманы жүріп тұр. Халық 19 жастағы Аяжанның өлімінен кейін онлайн таныстық қауіпті екенін түсіне бастады. Экранның арғы жағында жазып отырған адамның кім екенін қалай білуге болады? Осы орайда психолог Ермек Нұрымов қыздарға әлемжеліде танысуда сақ болуға шақырды. Маман танысу сайттарында отыратын ер адамдардың типтеріне тоқталды деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Психолог Ермек Нұрымов желідегі кездейсоқ таныстықтың құрбанына тез ілігіп кететіндер қатарында жас қыздарды атады.
"Шынайы таныстық пен виртуалды таныстықтың арасы өте алшақ. Адам бір көрген кісісін 20 пайыз таныса, бір сағат бетпе-бет сөйлесу арқылы 30-40 пайызға дейін таниды.
Виртуалды танысу мүлде басқаша, ол жерде сіз адамның жан дүниесіне терең үңіле алмайсыз. Яғни онлайн режим адамның эмоциясын шынайы бере алмайды. Жест, мимика және поза яғни, адамның іс-қимыл әрекеттері бұл жерде жоқ. Оның орнын жасанды интеллект басып отыр. Дайын эмодзилар. Ал бұндай нәрселер ынжық, өзіне сенімсіз адамдар үшін таптырмайтын құрал болып отыр", - дейді психолог.
Маман онлайн түрде танысып бағы жанып жатқан қыз-жігіттерді жоққа шығармайды.
"Интернет арқылы танысып бағы жанып жатқан қыз-жігіттер де жоқ емес. Алайда олардың үштен біріне ғана осы бақ бұйырды десек болады. Көбісінің жолдары болмай жатады. Себебі кейбір жігіттер өздеріне сенімсіз, ынжық, ойын ашық айтудан жасқанып, әлеуметтік желімен шектеліп қалуда. Кездесу ол үшін - қорқыныш. Оған осы жүйе жайлы", - дейді Ермек Нұрымов.
Психолог танысу сайтында отыратын ер адамдарға психологиялық анализ жасап, портретін анықтап көрді. Олардың қатарында альфонс, алаяқ жігіттерден бастап, расында отбасын құруды армандап жүрген жігіттер, сондай-ақ, танысуға уақыты тапшы кәсіпкерлер, әйелқұмар жігіттер бар.
"Үйленген жігіттер де танысу сайтына тіркеледі. Ол әртүрлі сезімдерді іздейтін адам. Оны тану өте оңай. Әдетте, ол мессенджерге түсініксіз фотосуретті орналастырады. Екіншіден, әдетте кешке және демалыс күндері ол адамды таппайсыз. Үй телефонын бермейді немесе жоқ екенін айтады. Кездесуге бейтарап аумақты таңдайды. Кездескенде алаңдаушылық байқалады. Егер осындай жігітті кезіктірсеңіз ол отбасылы болуы мүмкін.
Екінші топтағы жігіттер - өзінің түр келбетіне көңілі толмайтындар. Олар танысу сайтына жиі тіркеледі. Сіздің басыңызды айналдыратын керемет хаттар мен жүрек жарды лебіздерін аямайды. Шын мәнінде, оның күрделі проблемалары бар: семіздік, бойы бір жарым метр немесе тағы басқа. Оның сүйіспеншілікке толы романтикасына сенудің қажеті жоқ. Ол виртуалды романдардың көмегімен өзін-өзі бағалауды арттыруға тырысады. Егер сол жігітті шынайы өмірде кездесуге шақырсаң, ол әдетте бас тартады.
Кәсіпкерлер жеке өміріне уақытының аз болуы себепті танысу сайтына тіркелуі мүмкін. Бұл санатқа топ-менеджерлер, бизнес иелері, жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлер кіреді. Бұл адамдар көп ақша табады және әдемі көрінеді. Бұл адамдар үнемі бос емес. Сондықтан олардан ерекше кездесу күтуге болмайды. Әрине, ол сізді мейрамханаға, театрға шақыра алады немесе қымбат сыйлық жасай алады. Бірақ олар кездесетін қыздарға жоғары талап қояды: сыртқы келбеті, білімі, мінез ерекшеліктері және т.б. Сөйлескенде осыған назар аударуды ұмытапаған жөн.
Келесі топқа альфонс немесе демеуші әйел іздейтін жігіттер жатады. Ол өзін қамқорлыққа алуға дайын дәулетті әйелді іздейтінін жасырмайды. Тікелей айтпаса да, оның сөзінен байқалады. Әдетте олар жас шамасы 40-тан аспаған жігіттер.
Жалғызбасты еркектер танысу сайтында отыратын тағы бір категория. Желіде тартымды, қызықты адам болып көрінуі мүмкін. Ол бұрын үйленген де болуы мүмкін. Жалғыздыққа әбден еті үйренген адам. Танысу сайттарында ол мінсіз әйел іздейді. Оның талғампаздығы соншалық, танысқан әйелден бір кемшілік табады. Танысқан әйелді ұзақ уақыт бойы мұқият бақылайды және оны үнемі басқалармен салыстырады. Ондай адамды үйленуге көндіру мүмкін емес.
Жаны жарақаттанған жігіттер - қайғылы жағдайға тап болған жігіт. Сүйіктісімен ажырасты немесе басқа да жағдай. Бір жағынан, оған тұрақты қарым-қатынас қажет. Екінші жағынан, қыздардан қатты қорқып қалған. Сондықтан ол өзіне жауап бере алмайтындай дәрежеге түсті. Ондай адамдар ұзақ уақытқа себепсіз жоғалып кетуі мүмкін, содан кейін кенеттен пайда болады.
Отбасылық өмірді армандайтын жігіттер - мүмкіндігінше тезірек үйленіп, балалы болуды аңсайды. Дәмді дастархан және отбасылық мерекелер туралы сөйлескенді ұнатады. Ол өзінің құндылықтарына сай шаруашылыққа икемді әйелді іздейді.
Әйелқұмар жігіттер де бар. Олардың желідегі профилінінен әдетте ашық фотосуреттерді байқайсыз. Кейде ол жалаңаш суреттерін де жариялайды. Олар анкетада өзінің құмарлықтарын тізіп жазады. Мұндай адамдармен сөйлескенде мұқият болу керек", - дейді Ермек Нұрымов.
Психолог маман бұл мысалдармен шектелуге болмайтынын айтады. Ол әлеуметтік желіде қауіпсіздікті басты назарда ұстау керектігін алға тартады.
"Желідегі адам ниет-пиғылына байланысты өзгеріп шыға келеді. Кіммен не деп сөйлескенде де қауіпсіздікті басты назарда ұстау қажет. Қандай оймен, қай жерге шақырса да міндетті түрде жақын адамыңызға ескертіп қою маңызды немесе кездесуге бірнеше адам болып бару керек. Сіз байқамаған жақтарын өзге адам байқауы мүмкін", - дейді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906310-zigittin-zaqsysyn-qalai-tanuga-bolady-psixolog-internet-arqyly-tanysatyn-zigitterdi-topqa-bolip-berdi/