Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысының тұрғыны таудың ауасын құтыға салып сатып жатыр

Жарияланған күні:

Ауа
Видеодан кадр: Еуразия бірінші арнасы

Қазақстандықтар жарнама сайттарының бірінен ерекше хабарландыру тауып алған. Ер адам "Қазақстанның ауасын" құтыға салып сатып жатыр деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".

"Таудың ауасын" сатып жатқан тұрғынмен телеарна тілшісі байланысқа шыққан.

Ер адамның сөзінше, ол Алматы облысындағы таулардың ауасын шыны құтыға жинаған. Бір құтының бағасы - мың теңге деп белгіленген.

"Пысық сатушы егер өтініп жатса, бағалы тауарды тегін беруге де дайын екенін айтты. Біздің түсінуімізше, ауа сатып алушылар әзірге табылмапты", - дейді телеарна тілшісі.

Еске сала кетсек, бұған дейін еліміздің астанасы әлемдегі ауасы ластанған отыз қаланың қатарына енген еді. Осы орайда экологтар елорданы тезірек газға көшіру керектігін айтып, дабыл қақты.

Бүгінде Нұр-Сұлтанда 160-тан астам жеке үй газға қосылса, қалғаны әлі көмір жағып отыр.

Экологтар еліміздің солтүстік, шығыс өңірінде де көмірден газға көшіру керектігін айтады. Себебі, ауаның ластануына - үлкен қалаларда көмірдің жағылуы себеп екен.

Сондай-ақ Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстандағы ауасы лас 10 қаланы атаған еді.

Ауасы қатты ластанған қалалардың қатарында Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш, Өскемен, Жезқазған және Шымкент бар.

Ал ластаушы заттар ауаға ең көп таралған өңір - Павлодар облысы болып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1906886-almaty-oblysynyn-turgyny-taudyn-auasyn-qutyga-salyp-satyp-zatyr/