"Бала туудан қашпаймын": Алматылық келіншек он төртінші сәбиін өмірге алып келді
Жарияланған күні:
Алматы облысы Кербұлақ ауданында "батыр ана" он төртінші сәбиін өмірге алып келді деп жазады Айқын газеті.
Аудан орталығы Сарыөзек ауылында тұратын Сәдуақасовтар шаңырағында он төртінші бала өмірге келіп, көпбалалы отбасын кезекті қуанышқа бөледі.
Отау құрғандарына 27 жыл болған Сәрсенбай Садуақасов пен Гүлназ Жеңісбайқызы бүгінле 10 қыз 4 ұл тәрбиелеп, 3 немере сүйіп отыр.
Кербұлақ аудандық әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, берекесі ұйыған отбасындағы мектепте оқитын балалар оқу құралдарымен, спорттық киіммен, мектеп формасымен толық қамтамасыз етілген. Ал үшеуі балабақша жасында.
Онлайн оқуларына қажетті ноутбук те мектептен берілгені айтылды.
Ал қызы Айжан спорттың ережесіз жекпе-жек түріне қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Отағасы машинист, механик, дәнекерлеуші сияқты кәсіптерді еркін меңгерген
"Өмірдің мәні де, сәні де – бала. Денсаулығым жетсе, бала туудан қашпаймын. Қазақ "баланы жастан" дегенді бекер айтпаған. Үлкен қызым мұғалім. "Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді" дейді, сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсы тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, үлгі етіп өседі екен", – дейді Гүлнәз Жеңісбайқызы.
Айта кетейік, алтын құрсақты "Батыр ана»"Гүлнәз Жеңісбайқызы мен отағасы Сәрсенбай Сәдуақасовты және оның балаларын бөпемен құттықтауға аудан әкімі Ғалиасқар Сарыбаев арнайы барып, сый-сияпатын тапсырды. 2019 жылы көпбалалы жанұяға Сарыөзек ауылынан тұрғын үй берілген болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907002-bala-tuudan-qaspaimyn-almatylyq-kelinsek-on-tortinsi-sabiin-omirge-alyp-keldi/