Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Литрі 200 теңге: Қазақстанда бензин бағасы күрт өсті

Опубликовано:

Көлік
Көрнекі фото: piqsels.com

Ең көп сұранысқа ие АИ-92 маркалы бензиннің литрі 200 теңгеге бір-ақ көтерілді. Доллардан қалыспай, жанармай айналдырған екі-үш күнде 10 теңгеге қымбаттап шыға келді. Ал жыл басынан бері АИ-92 отынының литрі бақандай 20-30 теңгеге, АИ-95 маркалы 5 теңгеге өскен деп хабарлады "КТК" телеарнасы.

Бензин тапшылығы сезіліп жатқан өңірлер де бар. Экономистер бензин бағасының өсуі азық-түліктің құнына кері әсер етуі мүмкін деп отыр. Алматыдағы жанармай құю бекеттеріндегі баға бүгін құбылып шыға келді. Жұрт жиі тұтынатын АИ-92 маркалы бензиннің литрі бірден 168 теңгеге көтерілген. Бірақ бағаны көріп кері бұрылған көлік жоқ. Жүргізушілер амалдың жоқтығынан қымбат жанармайды тұтынуға мәжбүрміз деп қынжылады.

"Салмақ бір күнде түспейді. Бірақ бара-бара бәрібір білінеді ғой. Бағаға қарап жатқан тірі жан жоқ. Осыны реттейтін адам керек. Ойына келгенін істеп жатыр", – дейді Алматы қаласының тұрғыны Самат Қайырбеков.

Атырауда бензиннің құны рекордтық көрсеткішке жетті. Наурыз айында литрі 142 теңгеден сатылған АИ-92 маркалы жанармай кей бекеттерде 200 теңгеге саудалануда. Жыл басынан бері мұнайлы өлкеде бензин құны бақандай 33 теңгеге бір-ақ көтеріліпті. Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстарының басталуы бағаның шарықтауына бірден-бір себеп.

"Атырауда тұрамыз. АНПЗ-ның тауары ту шетелге, Норвегияға шығады дейді. Ал мына жерде отырған біз бензинге жарымаймыз. Соны түсінбеймін! Шетелге шығып жатқан тауармен бірінші халқын қамтып алмай ма?! Атыраудың адамдары бензинге жарымайды, шетелге шығарып жатырмыз деп мақтанамыз!", – дейді Атырау қаласының тұрғыны Тілек Ғұмаров.

Ал Оралда бензин тапшылығы сезіліп, жүргізушілер бүгін тығырыққа тірелді. Жанармай бекеттері келісіп алғандай көлік отынын тек талонмен сатып жатыр. Аталған өңірде АИ 92-нің литрі 15, АИ 95 маркалы жанармайдың бағасы бірден 5 теңгеге өсіп кеткен. Бірақ Батыс Қазақстан облысындағы жанармай бекеттерінде әзірге дүрбелең байқалмайды.

Ақтауда да жұрт жиі тұтынатын Аи-92 маркалы бензиннің бағасы өзгерді. Оның литрі қазір Маңғыстау өңірінде 165-172 теңге аралығында сатылып жатыр. Бағаның бұлайша құбылуына жүргізушілер наразы.

Солтүстік Қазақстанда да жанармай бағасы ақпан айынан бері тұрақсыз. Теріскейде көлік отыны ай сайын 4-5 теңгеге шарықтап, қазір АИ-92 маркалы бензиннің литрі 177-178 теңгеге жеткен. Ал АИ-95-тің бағасы 190 теңгеге дейін көтерілген. Соған қарамастан, жүргізушілер сұйық отын арзандайды деген үміттерін үзбек емес.

Ал экономистер қымбатшылық қарашаны әлі де қыспаққа алады деп отыр. Олар жанармай құны алдағы уақытта шарықтап, АИ 92-нің литрі 200 теңгеден асып түседі деген болжам жасады. Тіпті, бензин бағасы азық-түлік құнына да кері әсер етіп, елде баға тұрақсыздығы белең алуы мүмкін деп отыр.

"Бензин бағасының өсуі барлық тауар құнының көтерілуіне алып келуі мүмкін. Азық-түлік бағасы тағы да шарықтап кетуі де ғажап емес. Қазақстан билігі көлік отынының құнын ұстап тұруға қауқарсыз. Оны мойындайтын уақыт келді. Қазір төрткүл әлемде дағдарыс. Пандемия барлық мемлекетке соққы болғаны баршаға аян", – дейді экономист Әкімжан Арупов.

Ал энергетика министрлігі жанармай құнын реттемейміз деп, жайбарақат отыр. Жауапты ведомство өкілдері бензин бағасы еркін айналымға жіберілгенін еске салудан ары аспады. Қазір Атыраудан басқа, Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытының да жұмысы уақытша тоқтаған. Сарапшылар сұйық отынның бағасына осы фактор да әсер еткенін жеткізді. Сондықтан жүргізушілердің әліптің артын бағып, мұнай нарығындағы ахуалды бақылаудан басқа амалы жоқ.

Дереккөз: КТК арнасы

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907083-litri-200-tenge-qazaqstanda-benzin-bagasy-kurt-osti/

pixel