Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

QazCovid-in жасаған ғалым: Біз вакцинаның зиянсыз екеніне кепілдік бере аламыз

Опубликовано:

Вакцина417
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Сәуір айының соңында коронавирусқа қарсы отандық вакцинаның 50 мың дозасы айналымға шығады деп күтілуде. Осы орайда аталмыш екпені әзірлеушілердің бірі, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі Леспек Кұттымбетов қазақстандық QazCovid-in вакцинасы туралы жан-жақты мәлімет берді деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Леспек Кұттымбетовтің сөзінше, коронавирусқа қарсы отандық вакцина Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының BSL-3 (үшінші дәрежелі биологиялық қауіпсіздік деңгейі) ғимаратында жасалған.

"Бұл зертханада аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштарымен жұмыс жасауға барлық жағдай әзірленген. Былтыр 13 наурызда инфекция біздің елге енді. 28 наурыздан кейін бізге ауру адамдардан биоматериал жеткізілді. Біз бес күн ішінде аурудың қоздырғышын бөлдік. Келесі бір жарым ай ішінде белсенді емес вакцина жасалды. Биологиялық қасиеттерін тексере бастағаннан кейін зертханалық жануарларға, соның ішінде атжалман мен резус макакаларына (маймылдарға) клиникаға дейінгі сынақтар жүргізілді.

Содан кейін біз адамдарға клиникалық сынақтар жасай бастадық. Клиникалық зерттеулердің екінші кезеңінен өттік. Әзірге нәтижесі жақсы. Вакцина зиянсыз және иммунологиялық тұрғыда тиімді. Яғни, адамдарды аурудан толық қорғайды. Тіпті адамда иммунитеті төмендеп, ауру жұқтырғанның өзінде салдарын жеңілдетеді. Сондықтан вакцина алған адам белгілі бір уақыт ішінде COVID-19-дан қорғалған болады", - дейді маман.

Ғалымның айтуынша, үшінші кезеңнің нәтижелері бойынша вакцинаның пайыздық қатынаста қаншалықты тиімді екені әзірге белгісіз. Бірақ алдын-ала мәліметтер бойынша, тиімділік 90 пайыздан жоғары.

"Зерттеудің бірінші және екінші кезеңінің нәтижелері бойынша вакцинаның тиімділігі іс жүзінде 100% болған", - дейді Леспек Кұттымбетов.

Сонымен қатар маман QazCovid-in вакцинасы қалыптастыратын антидене неше уақыт сақталатынын да айтты.

"Шешекке қарсы вакцинадан басқа екпенің бәрі өмір бойына иммунитет қалыптастыра алмайды. Ең жақсы, тиімді вакцина бір жылға, ең көбі екі жылға иммунитет береді. Яғни, кейін қайта вакцина алу қажет болады. Белсенді емес немесе әлсіз антигендік вирустық вакциналардан жасалған екпелер 6 айға иммунитет береді. Отандық вакцинаға келетін болсақ, егер біз шілде айында салдырсақ, зертханалық зерттеулердің нәтижелері бойынша бізде әлі де иммунитет бар. Біз ай сайын қан аламыз, реакцияларды зерттейміз, нәтижесінде бізде антиденелер бар екенін көріп отырмыз", - дейді ол.

Сондай-ақ маман сұхбат барысында отандық вакцинадан және жалпы вакцинадан қорқатын адамдарға да жауап берді.

Леспек Кұттымбетовтің сөзінше, QazCovid-in вакцинасын жасаған ғалымдар оның зиянсыз екеніне кепілдік бере алады.

"Өйткені өлтірілген вирустан дайындалған вакцина (белсенді емес вакцина) қолданып отырмыз. Белсенді емес вирус кез келген жағдайда зиянды әсер ете алмайды. Өйткені ол организмде көбеймейді. Сондықтан вакцинаның құрамы мүлдем зиянсыз. Біз өзіміз ешқандай қорқынышсыз немесе жағымсыз құбылысты күтпей-ақ салдырдық. Әрине, белгілі бір контингент ине, сәл-пәл реакциялар сезінуі мүмкін (10-15%).

Вакцина ауыр зардаптарға әкеледі деп қорқатындарға айтарым, мен әзірлеуші ретінде оның қауіпсіздігіне кепілдік беремін. Вакцина өте тиімді, өйткені вакцинаның құрамында белсенді зат бар. Ол –коронавирустың өзі. Біз оны бөлешектемей, тұтас күйінде әлсіретіп салдық. Ал басқа шетелдік вакциналарда "ковидтық" вирустың белгілі бір кішкене бөлігі ғана алынды. Ондағы вирус репродуктивті, яғни тірі. Мұндай вакциналар белгілі бір реакциялар тудыруы мүмкін", - дейді Леспек Кұттымбетов.

Айта кетейік, қазір COVID-19-ға қарсы қазақстандық вакцина сынағының ІІІ кезеңі өтуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907329-qazcovid-in-zasagan-galym-biz-vakcinanyn-ziyansyz-ekenine-kepildik-bere-alamyz/

pixel