Пандемия кезіндегі Рамазан: Алматыда тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайды
Жарияланған күні:
Бүгін Алматы орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай жамағатпен бірге намаз оқылмайтынын айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Дін маманың сөзінше, Рамазан айы кезінде мешіттерде жамағатпен намаздың оқылмайтыны коронавирус індетімен байланысты.
Биыл қасиетті Рамазан айы 13 сәуір күні басталып, 12 мамырда аяқталады. Бұл шешім Орталық Азия муфтияттарымен келісу нәтижесінде және ғылыми зерттеулердің нәтижелері негізінде қабылданған.
"Бірінші тарауық намазы бүгін, 12 сәуір күні оқылады. Қаламызда эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне байланысты мешіттерде жамағатпен тарауық намаздары уақытша оқылмайды", - дейді Еркінбек Шоқай.
Сонымен бірге ол Рамазан айында айтылатын уағыз-насихаттар мен көпшіліктің сауалына жауап беру онлайн режимде өтетінін де атап өтті.
"Azan.kz парақшасы және әлеуметтік желілер арқылы Алматы қарилары оқыған Құранды тыңдауға мүмкіндік болады. Ораза мен құлшылыққа қатысты барлық сұрақтарға Орталық мешіттің Call-орталығынан жауап алуға болады", - дейді қаланың бас имамы.
Еркінбек Шоқайдың айтуынша, "Берекелі Рамазан сыйы" және "Ауызашар себеті" акциясы аясында ниет еткендер қайырымдылық жасап, азық-түлік себеттерін мұқтаж отбасыға апарып беруіне болады. Акция еріктілер мен мешіт қызметкерлері арқылы жүзеге асырылады.
Сондай-ақ қаланың бас имамы "Рамазан керуені" атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылатынын айта кетті.
Бұдан бөлек, мешіттердің әлеуметтік желідегі парақшаларында намаз, Құран оқып үйренгісі келгендер үшін онлайн-сабақтар өтеді.
Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айының ораза және намаз кестесін жариялаған еді.
Ал биылғы пітір садақаның мөлшерін 420 теңге.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907462-pandemiya-kezindegi-ramazan-almatyda-zamagatpen-birge-namaz-oqylmaidy/