Атырау облысында 700 млн теңгеден астам салық төлеуден жалтарған кәсіпорын басшысы анықталды
Опубликовано:

Атырау облысында 700 миллион теңгеден астам жасырылған салық бюджетке қайтарылды деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Агенттіктің Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті нақты жұмыстар орындалмай және қызметтер көрсетілмей шот-фактураларды заңсыз жазып беру фактісін анықтады.
"Облыс кәсіпорындарының бірінің басшысы 2015-2019 жылдар кезеңінде 700 млн теңгеден астам сомаға салық төлеуден жалтарған. Аталған факт салықты тексеру материалдарымен расталған. Қазіргі таңда салық төлеуден жалтару фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, мемлекетке келтірілген залал өтелді", - делінген хабарламада.
Ведомство салық төлеуден жалтару фактілері мәлім болса, Қаржылық мониторинг агенттігіне: 8 (7172) 70-84-78, Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне: 8 (7122) 35-42-10 сенім телефондары бойынша хабарласуды сұрайды.
Еске сала кетсек, бұған дейін Түркістан облысының екі тұрғыны үшінші тұлғаларға үш серіктестікті тіркеп, 7 миллиард теңгеден астам салық төлеуден жалтарғаны туралы хабарлаған едік.
Жалған шот-фактура жазғаны және салық төлеуден жалтарғаны үшін олардың бірі 5,5 жылға, екіншісі 3 жылға сотталды.
Одан бөлек, Қазақстанда салық төлеуден жалтарғаны үшін азаматтарға қандай қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны туралы жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907766-atyrau-oblysynda-700-mln-tengeden-astam-salyq-toleuden-zaltargan-kasiporyn-bassysy-anyqtaldy/