Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Егер "халық жауы" болсам: Сталиннің өзіне тікелей талап қойған қазақ қызы жайлы білесіз бе

Опубликовано:

Халида Маманова
Фото: "Замана" басылымы

Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақ қыздары аз болмаған. Солардың бірі- Халида Маманова. Батыр қыз жайлы тың деректерді "Замана" басылымы жариялады.

Халида Маманова 1918 жылы қазіргі Алматы облысының Жансүгіров ауданында дүниеге келген.

1941 жылы Қазақ медицина институтын "Емдеуші дәрігер" мамандығы бойынша бітірген. Кейін Ғылым академиясы физиология институтының аспирантурасына оқуға түскен. Бірақ көз ұзамай 1942 жылы майданға аттанады.

Ол кездері жоғары оқу орнын бітірген адамға бірден лейтенант шені берілетін болған, бірақ Халида Мамановаға ондай әскери шен берілмеген, оны тіпті медбикелікке де алмаған көрінеді. Ол окоп қазатын, қаза тапқандарды жерлейтін командаға жіберілген.

Мұның басты себебі - Халиданың бай тұқымынан болғанынан екен.

Халида Маманованың әкесі - Есенқұл Жетісу өңіріне белгілі атақты Маман байдың ұлы болған, ұжымдастыру, байларды тәркілеу кезінде өкімет бар дүние-мүлкін сыпырып алып, оны отбасымен бірге Ресейдің Пермь қаласына жер аударып жіберген. Ол кезде Халида 10 жаста еді.

Бұндай жайттар сол кезде құжаттарға тіркеліп, жазылатын. Жоғары білімді Халидаға осы себепті саяси сенімсіздік болған. Бұған қатты намыстанған бойжеткен майданда тікелей КСРО басшысы, Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің өзіне хат жазып, талап қойған.

"Егер "халық жауы" болсам, ендеше мені айыптылар ротасына жіберіңіз. Тірі қалсам, менен және туыстарымнан барлық айыптарды алып тастауыңызды сұраймын", – деп жазған хатында ол.

Майданда өзінің батылдығымен, адалдығымен көзге түскен Халида Маманова 1943 жылы ақталып, авиациялық батальонға ауыстырылған, тиесілі әскери шен беріліп, сондағы амбулаторияның басшысы болған.

Халида Маманова Сталинград түбіндегі шайқастардан бастап, Балтық жағалауындағы елдерді, Польшаны, Чехословакияны, Австрияны жаудан азат етуге қатысқан, Германияға дейін жеткен. Ол ерлік істері үшін "Қызыл Жұлдыз" орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Әскер қатарында капитан шеніне дейін өскен. Соғыстан кейін Алматы медицина институтында, кәсіподақ жүйесінде еңбек еткен. 1959 жылдан бастап Ақтөбе медицина институтында (қазіргі Батыс Қазақстан медицина академиясы) қызмет атқарған. Осы оқу орнындағы патология кафедрасын ұйымдастырған, кейін оның меңгерушісі болған.

Сонымен қатар, ғылыми жұмыстармен айналысқан, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Медицина саласына сіңірген еңбегі үшін "Құрмет белгісі" орденімен марапатталған.

Халида Маманова 1977 жылы өмірден өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907872-eger-xalyq-zauy-bolsam-stalinnin-ozine-tikelei-talap-qoigan-qazaq-qyzy-zaily-bilesiz-be/

pixel