Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Фотоаппаратты II Николай патша сыйға тартқан: Қазақтан шыққан тұңғыш фотограф кім

Опубликовано:

Тұңғыш фотограф
Фото: "Замана" басылымы

Бүгінде кез келген көрініс пен құбылысты сол қалпында бейнелеп, көз алдыңызға келтіретін техникалық құрылғылардың түр-түрі көп. Ал солардың "атасы" – фотоаппараттың өмірге келгеніне биыл 182 жыл толғалы отыр. Осы орайда қазақтан шыққан тұңғыш фотограф жөнінде айта кеткен де орынды. Бізге жеткен тарихи деректерге қарағанда, бұл өнерді қазақтардан алғашқы болып Бөкей ордасының қазағы Шәңгерей Бөкеев меңгерген екен. Ол фотоаппаратқа осыдан тура 120 жыл бұрын ие болыпты.

Шәңгерей Бөкеев хан тұқымынан болған деп жазады "Замана" басылымы. Оның бабалары Бөкей, Шығай, Жәңгір, Сақыпкерей 1801-1845 жылдары Еділ мен Жайық  (Волга, Урал) өзендерінің аралығында өмір сүрген Бөкей ордасының хандары болған. Әкесі Сейіткерей мен анасы өмірден ерте өтіп, Шәңгерей 5 жасында жетім қалыпты, сосын ол туыс ағаларының қамқорлығында өскен. Алғашында Орда қаласындағы мешітке қарасты медреседе оқыған, кейін Астраханьдағы гимназияда, Орынбор қаласындағы кадет корпусында білім алған.

Ш.Бөкеевтің негізінен қазақтың жаңадан қалыптаса бастаған жазба әдебиетіне сіңірген еңбегі көп. Ол орыс тілін меңгергеннен кейін орыс ақын-жазушыларының, Батыс әдебиеті өкілдерінің туындыларын көп оқыған, көп ізденген. Өзінің туабітті ақындық дарынының арқасында соңында мол мұра қалдырған.

Ш.Бөкеев 1911 жылы "Қазақстан" атты газет ашқызған, оның редакциясы Көлборсыда болыпты. Ол газеттің жарық көруіне қаржылай демеушілік жасап отырған, сол арқылы қазақ арасында ағартушылық жұмысты жандандыруға тырысқан. Бірақ сол кездердегі қоғамдық-саяси ахуалдың беталысына орай патша билігі 1913 жылы "Қазақстан" газетін жаптырып тастаған екен.

"Сегіз қырлы, бір сырлы" деуге лайық осы азамат шығармашылық жұмыспен айналысумен ғана шектелмепті, оған қоса халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін көптеген фотосуреттер де түсірген екен.

Фотоаппараттың туған жылы тарихқа ресми түрде "1839 жыл" деп ендірілген. Ал қазақ азаматының қолына оның бір данасы осыдан 120 жыл бұрын, 1901 жылы тиіпті. Бұл фотоаппаратты оған ІІ Николай патшаның өзі тарту еткен көрінеді.

Яғни, Ш.Бөкеев оған Санкт-Петербург қаласына барған сапарында ие болыпты. Сосын ол жаңа құрылғының қыр-сырын меңгеріп, оны елдің игілігіне жаратқан, көптеген суреттер түсірген.

Ш.Бөкеевтің кезінде түсірген фотоларының біразы бүгінгі күндерге дейін жетіпті. Ол суреттерден осыдан 1 ғасырдан астам уақыт бұрынғы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін көруге болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907877-fotoapparatty-ii-nikolai-patsa-syiga-tartqan-qazaqtan-syqqan-tungys-fotograf-kim/

pixel