Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Депутат еліміздегі барлық қала орталығынан Әлихан Бөкейханның атына көше беруді ұсынды

Опубликовано:

Фото
Фото: Әлеуметтік желіден алынды

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қазыбек Иса "Ақ жол" демократиялық партиясының атынан премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа депутаттық сауал жолдады деп хабарлайды BAQ.KZ.

"Ақ жол" фракциясы биыл 3 наурызда "Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру - саяси әділетсіздік" деп депутаттық сауал жолдаған болатын. Онда өңірлерде Алаш қайраткерлерінің есімі ұмыт қалып отырғаны айтылған еді.

Қазыбек Исаның сөзінше, елеусіз қалғандар тек Алаш қайраткерлері ғана емес, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді Алаш көсемдерінің өздері де лайықты ұлықталмай жатыр.

"Қарағандыдағы Октябрь ауданы енді Әлихан ауданына айналды. Алаш ақыры Октябрьді жеңді. Бұлардың бәріне шүкіршілік айтамыз. Дегенмен елімізде Алаш көсемінің атына лайықты ешқандай көше жоқ екенін анықтадық. Астанамызда Бөкейханов көшесі орталықта емес, шеттегі ол көшені көбінесе "Мәңгілік ел" көшесіндегі кептелістен қашқан жүргізушілер жақсы біледі. Алматыдағы Бөкейханов көшесі қала шетіндегі өндірістік аудандағы, базар артындағы қуыс-қуыста орналасқан", - дейді Қазыбек Иса.

Оның айтуынша, Бөкейхановтың аты берліген тағы бір көше Шымкенттің шетіндегі Тассай ауылында орналасқан. Ұзындығы 500 метрдей ғана болатын көшеде тіпті, жарық та жоқ.

"Алаш Ордасы аталған Семейде де, облыс орталығы Өскеменде де Әлиханға лайықты көше жоқ, шалғайдағы шағын аудандардағы жиырма шақты үйден тұратын шағын көшелер. Қалалардағы бойында бірде-бір оқу-мәдени орындары жоқ бұл көшелерді елге көрсетудің өзі ұят. Қазақ елінде біртуар тұлғамыздың атына лайық көше болмауы және қазақ ауылшаруашылық ғылымының басында тұрған ғалымға бір де бір жоғары оқу орнының аты берілмеуі Алаш көсемінің аруағына жасалған қиянат", - дейді Қазыбек Иса.

Осы орайда "Ақ жол" партиясының атынан депутат бірнеше ұсыныс айтты:

  • Әлихан Бөкейханның негізгі мамандығы ормантанушы-ғалым, яғни агроном. Ол қазақтың жер-суын, дәстүрлі шаруашылығын зерттеген экспедицияларға қатысып, қой, ірі қара және жылқы тұқымдарын зерттеп, 3 іргелі ғылыми монография, ондаған ғылыми мақала жазған, қазақ ауылшаруашылық ғылымының негізін қалаған ғалым. Сондықтан оның есімін Алматыдағы әзірге аты жоқ Қазақ ұлттық аграрлық университетіне беру қажет.
  • Елордадағы Тұран мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы бос тұрған алаңда "Алаш" аллеясын ашып, Әлихан ескерткіші мен Алаш қайраткерлері бюстерін орнату керек.
  • Еліміздегі барлық қаланың орталығынан Әлихан Бөкейханның атына лайықты көше беріліп, Алаш алаңдары ашылуы тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1907897-deputat-elimizdegi-barlyq-qala-ortalygynan-alixan-bokeixannyn-atyna-kose-berudi-usyndy/

pixel