Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауруы асқынғанда келеді": Уролог ер адамдардың денсаулығына алаңдаушылық білдірді

Опубликовано:

дәрігер
Фото: Ислам Мададовтың жеке мұрағатынан

Алматыдағы А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы елімізде бүйрек трансплантациясынан бастап, отаның барлық түрін жасайтын бірден бір мекеме. Орталық мамандары қазақстандықтар арасында соңғы кезде несеп-жыныс ауруларының көбейгенін алға тартады. KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген дәрігер өзін Қазақстандағы ер адамдардың денсаулығы алаңдататынын айтты.

Бүйрек трансплантациясы, урология және нефрология бөлімшесінің меңгерушісі Ислам Мададов несеп тас ауруы бар науқастарға тіліксіз, лазермен тастарды майдалап шығару арқылы және лапароскопиялық оталар жасалатынын тілге тиек етті.

"Урологиялық оталардың барлық түрін жасаймыз. Бізде бастапқыда науқастар саны аз болған. Карантин кезінде көп ауруханалар провизорлық аурухана режиміне көшкенде, бізде урологиялық бейінді науқастар саны артты", - дейді маман.

Дәрігердің айтуынша, Қазақстанда науқастар ауруы әбден асқынғанда ғана аурухана жағалайды. Уролог бүйректі сақтап қалу үшін дер кезінде ем алудың қажеттігін алға тартты.

"Ертерек диагностика жасап, ота жасасақ бүйректерді құтқарып қала аламыз. Осымен көптеген науқастарымызды диализден сақтап қалдық. Терапиялық бейінді науқастар бізге өте кеш келеді. Созылмалы аурулары бар науқастар дер кезінде ем алмаса, оларда бүйрек жетіспеушілігі туындауы мүмкін", - дейді ол.

Ислам Мададов соңғы кездері ер адамдар арасындағы простатиттің көбейгені туралы ой бөлісті.

"Шынымен де соңғы кездері жыныстық жолмен жұғатын инфекция саны күрт көбейіп кетті. Мұның себебі – жастардың бұл инфекциялар жайында бейхабар болуы, мәліметтің болмауы", - деген пікірде маман.

Ислам Мададовтың сөзінше, несеп жыныс ауруына шағымданған ер адамдарды көбіне кіші дәретке барғандағы ауырсыну, үрпіден бөліністің шығуы, жыныстық дисфункциялар, белсіздік мәселелері мазалайды. Ол дәрігер ретінде ерте жыныстық қатынасты қолдамайтынын жеткізді.

"Жастар жыныстық жолмен жұғатын инфекциялар туралы мәлімет алуы тиіс, қорғану жолдарын білуі керек және инфекциялардың асқынуы туралы ақпараттануы қажет", - деп есептейді уролог.

Дәрігердің айтуынша, бұрын жыныстық ауруы бар ер адамдар ұялып, дәрігер көмегіне жүгінбей, ауруды ушықтырып алатын. Ал соңғы жылдары жағдай өзгеше.

"Соңғы уақытта ер адамдар интернет, әлеуметтік желілер арқылы жүгінуге дағдылана бастады. Жабық түрде жеке кеңес береміз. Консультацияға келген ер адамдардан жасы 50-60-қа келсе де, сексуалды дисфункциясы жөнінде сұраймын, өйткені ол ер адамның физиологиясында және психологиясында маңызды рөл атқарады. Сондықтан ер адамдарға кем дегенде жылына бір рет уролог-андролог дәрігерлердің кеңесіне, жалпы қаралуға баруға кеңес беремін.

Маман ер адамдар арасындағы белсіздік мәселесі бойынша жүгінетін науқастар санының артқанын атап өтті.

"Бедеулік инфекция себебінен де туындайды. Мұндай себептер бойынша науқастардың саны жылдан жылға көбеюде. Себептер көп: инфекция, жалпы денсаулықтың нашарлауы, семіздік және басқа да түрлі аурулар. Денсаулықты сақтаудың басты қағидалары өзгерген жоқ. Ол – спортпен шұғылдану, дұрыс тамақтану, рационалды жұмыс істеу және демалу режимі, инфекциядан сақтану, таза ауада серуендеу және көп жаяу жүру", - дейді Ислам Мададов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908086-auruy-asqynganda-keledi-urolog-er-adamdardyn-densaulygyna-alandausylyq-bildirdi/

pixel