Тоқаевтың сынынан кейін "ҚазАвтоЖол" басшысы қызметінен босатылды

Опубликовано:

Ұлан Әліпов
Фото: qaj.kz

"ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Ұлан Әліпов қызметінен босатылды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли өз Facebook парақшасында жазды.

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Жұмысын дұрыс атқармағаны үшін "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Басқарма төрағасы Ұ. Әліпов қызметінен босатылды.

Барлық өңірде бюджет қаржысының жұмсалуына, көлік магистральдарының салынуына және жөнделуіне бақылау күшейтіледі. Президент алдағы уақытта аталған мәселені өзінің жеке бақылауында ұстайды",- деді Берік Уәли.

Еске салайық, осыған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter желісіндегі парақшасында Қазақстандағы жолдардың жағдайы туралы айтып, үкіметке жағдайды жақсарту туралы тапсырма берген еді.

Нәтижесінде ағымдағы жылдың 12 сәуірінде "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-да республикалық маңызы бар автомобиль жолдары құрылысының сапасын жақсарту және жөндеу мәселелері бойынша кеңес өткен болатын.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселе мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық жолдардың сапасын түзету туралы тапсырмасын ескере отырып, мердігерлік ұйымдардың жауапкершілігін арттыру, республикалық маңызы бар автожолдардың сапасын жақсарту мақсатында авторлық және техникалық қадағалауды күшейту туралы болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908230-qazavtozol-bassysy-qyzmetinen-bosatyldy/

jitsu gif