Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында 14 ауыл өзен арнасын қазып, пайда көргендердің кесірінен сусыз қалмақ (видео)

Опубликовано:

Келес ауданы
Фото: Azattyq Rýhy

Түркістан облысы Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты 14 ауыл бірнеше жылдан кейін ауыз сусыз қалуы мүмкін. Мұндағы халықтың айтуынша, бұған жеке бас пайдасы үшін Келес өзенін күндіз-түні қазып, түбінен шыққан тасты тонналап сатып жатқан топтың әрекеті себепші болып отыр деп хабарлайды Azattyq Rýhy басылымы.

Қызыләскер ауылының тұрғыны Жанболат Сәмбетовтің аталған мәселені көтергеніне бір жылдан асса да, өз сөзінше жергілікті билік оның сөзіне мүлдем құлақ аспаған.

«Қазығұрт өзенінен бастау алып, дарияға құятын Келес өзенінен алынатын тасты көп қазудың салдарынан Келес арнасын жоғалтып, су деңгейі уақыт өткен сайын азаюда. Егер мемлекет карьер қазуды жалғастыра беретін болса, ауыл халқы, диқандар аз уақыттан соң сусыз қалайын деп тұр. Бұл тастардың мен айтқан елдімекендерде қазылып жатқанына 10 жылдан асты. Кейбір ауыл тұрғындары өздері шығып, тас қазуды тоқтатқан. Дәл қазір біз тұратын Келес ауданы Ақтөбе ауылдық округінің Қызыләскер ауылында қазылып жатыр. Тасты қазып жатқан кәсіпкерлер бір камазын 15-20 мың теңгеге сатып жатыр. Ауданға тағайындалған экологтың өзі осылармен сыбайлас болуы мүмкін. Тас қазушылар түнде де жұмыс істейді. Менің есептеуімше, бір түнде бір карьерден 300 камаз тас шығарылады. Қызыләскерде 7 карьер бар. Олардың бір күндік табысы 1-2 миллион теңгені құрайды», - дейді Ж.Самбетов.

Тұрғындардың болжамынша, судың қазіргі деңгейі 5 метрге дейін түскен. Егер, тас алу осылай жалғасын таба берсе, бұлақтардың суы тартылып, бөгет қою мүмкін болмайды.

«Шағал тастарды алуға мемлекет рұқсат беретін болса, олар Түркия сияқты таудағы тасты алып, арнайы құрылғы арқылы майдалап, өңдеп сатулары тиіс. Ал бұл Келес өзенінен алынып жатқан дайын майдаланған тас. Бұрын ауылға келгенде өзіміз суына шомылып өскен Келестің аянышты жағдайын көріп жүрек ауырды. Ақтөбе ауылдық округіне 5 ауыл қарайды, сол ауылдардың барлығы дерлік Келес өзенінен су алады. Судың деңгейі қазір 5 метрге дейін түскен. Болашақта осылай қазылатын болса, тағы 4-5 метр түсіп бөгет қоюға келмейді. Салдарынан диқандар сусыз қалайын деп тұр», - деп ашынды белсенді.

Шағымданушы тұрғынның айтуынша, құзырлы органдар табиғатқа жасалып жатқан қастандықты көріп отырса да, көзлерін тас жұмып алған.

Басылым тілшісі карьер қазуға рұқсат берген кім екенін анықтау үшін Түркістан облысының Экология департаментіне, экологиялық полиция басшысы мен Түркістан облысының Инвестиция және экспорт басқармасына хабарласқан.

Түркістан облысының Инвестиция және экспорт басқармасы «Карьерлерді заңсыз қазу мәселесімен Экология департаменті айналысып, шара қолдануы тиіс" десе, Экология департаменті кез келген тексерісті, оның ішінде экология саласындағы тергеп тексеруді де полиция қызметкерлері жүргізуі тиіс болғандықтан, қоластындағы қызметкерлердің басын қатерге тіге алмайтынын айтқан.

Ал облыстағы экологиялық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Тұмабаев жауапкершілік Экология департаменті мен лицензия беретін жергілікті атқарушы органның мойнында дегенді алға тартты.

Осылайша Келес өзенінің арнасын бұзып жатқан тас қазушыларды кім тоқтатаныны сол күйі анықталмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908252-turkistan-oblysynda-14-auyl-ozen-arnasyn-qazyp-paida-korgenderdin-kesirinen-susyz-qalmaq-video/

pixel