Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БАҚ: 90-жылдары Қазақстанды дүрліктірген маньяк қайта қылмыс жасады

Опубликовано:

Фото
Көрнекі фото: Sputnik / Табылды Кадырбеков

Петропавлда үйдің кіреберісінде қызға пышақпен тап бергені үшін ұсталған адам 1990-жылдары сотталып, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған буындырушы маньяк екені анықталды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Еске сала кетейік, 5 сәуірде Петропавл қалалық полициясы басқармасына облыс орталығының 19 жастағы тұрғыны хабарласып, кешкі сағат 20.00 шамасында өз үйінің кіреберісінде бейтаныс ер адам пышақпен тап бергенін хабарлаған. Батыл бойжеткен оған қарсылық білдірген. Нәтижесінде шуды естіп, көршісі пәтерінен шыққан кезде бейтаныс ер адам қашып кеткен.

Қылмыскерді іздеуге қалалық және облыстық полицияның барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Криминалды полиция мен криминалист сарапшылар да жоспарға сай әрекет етті. Ал қала тұрғындары оқиғаны әлеуметтік желіде қызу талқылап жатты.

"Жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті 7 сәуірде қолға түсті. Ер адам полиция басқармасына жеткізілді. Ол осыған дейін бірнеше рет сотты болған облыс орталығының 1972 жылы туған тұрғыны екені анықталды. Ол бойжеткенге күш қолданғанын, оны ас үй пышағымен қорқытқанын, кейіннен қашып кеткенін мойындады", - деді ведомство.

Кейіннен күдіктінің бұған дейін бірнеше рет қылмыс жасаған 49 жастағы Александр Лютов екені белгілі болды. Ол 2016 жылы үлгілі тәртібі үшін шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған еді.

Басылым ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл адамның қылмысы 1990-жылдары Петропавлды дүр сілкіндірген. Оны "сексуалды маньяк" деп атап, ер адамның қылмысы жайлы түрлі алып-қашпа әңгіме тарады. Сырт қарағанда маньякқа ұқсамайтын салмақты жігіт, дәмхана-вагонда аспаз болып жұмыс істейтін кәсіби-техникалық училище түлегі түн уақытында жарығы жанып тұрған терезелерді күзеткен. Ол терезеден әйел адамның бейнесін көріп, ағаш немесе газ құбыры арқылы үйге кіріп, қыз-келіншектерді буындырған.

Тергеушілердің дерегінше, буындырушы қылмыскердің бес құрбаны кездейсоқ аман қалған. Олардың бірі үйге келген ата-анасының арқасында тірі қалса, тағы бір құрбанын – жас ананы көрші бөлмеден жүгіре жеткен күйеуі құтқарып қалған. Олардың қарсылығына төтеп бере алмаған қылмыскер оқиға орнынан ізін суытқан.

Ал 1998 жылдың 19 маусымында Лютовтың қылмысы кісі өлімімен аяқталды. Ол Петропавлдағы балалар үйінің тәрбиешісін өлтірді. Іс материалдары бойынша, буындырушы түнгі сағат 3-те терезе арқылы ғимаратқа кірген. Ол ұрлық жасамақ болған сәтте бөлмеге тәрбиеші кіріп келген. Ол тәрбиешіні басынан және денесінен бірнеше рет ұрып, одан кейін тұншықтырған. Қылмыскердің оның іш киімін де шешіп үлгергені анықталды.

Осы уақытта шуды естіп келген екінші тәрбиеші де маньяктың құрбаны бола жаздаған. Ол өзін буындырмақ болған қылмыскердің қолынан сытылып шыққан. Тәрбиеші ғимаратты басына көтеріп айқайлаған соң, қылмыскер қорқып қашып кеткен. Тәрбиешіні өлтіргеннен кейін Лютов ұсталып, оның алдыңғы қылмыстары да ашылды. Тірі қалған жәбірленушілер маньякты таныды.

Тергеушілер буындырушының барлық қылмысының астарында сексуалды сипат бар екенін жасырған жоқ. Тергеу мәліметіне көз жүгіртсек Лютов 1997 жылдың көктемінен 1998 жылдың жазы аралығында сексуалды зорлық көрсету мақсатында қыз-келіншектерге күш қолданған. Тәртіп сақшылары оның алты қылмысын ашты. Алайда тергеушілер Лютовтың барлық қылмысы анықталмағанына сенімді. Өйткені сексуалды қылмысқа келгенде қыз-келіншектер ұятты жоғары қойып, полицияға шағымданбайды.

Жалпы Лютовтың таныстары оның бала кезден тұйық, адамдармен көп араласпайтын, жұмбақ, қорқақтау болып өскенін және ешқашан достары болмағанын айтқан. Іс материалынан белгілі болғандай, оның түн уақытында дала кезіп жүруі бала кезден пайда болған әдет. Өйткені анасының араша түсуіне қарамастан, әкесі баласына тым қатал болған. Сондықтан Лютов үйден жиі кетіп, қала кезіп, терезеден әйелдерді аңдуды әдетке айналдырған. Ол ер жеткен соң да бұл әдетінен арыла алмай, түн жамылып, құрбандарын іздеуге шығып отырған.

Тағы бір дерек ер адам барлық қылмысын түнгі сағат үш пен төрттің аралығында жасаған.

Лютовты барлығы маньяк деп санағанына қарамастан, облыстық психоневрологиялық диспансер және Талғардағы арнайы клиника психиатрлары оның ақыл-есі дұрыс деген шешімге келген. Бір ғана адамды өлтіргенін есепке алған сот қылмыскерді қатаң режимдегі колонияда 20 жыл жазасын өтеу туралы үкім шығарған. Ал 2016 жылы ол шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.

Облыстық полиция департаменті ол сол уақыттан бері учаскелік полицейлердің бақылауында болып келгенін хабарлады.

"Бұл адам 2016 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Қарт анасы тұратын үйге оралған. Тіркеуге тұрып, тиісті деңгейде белгіленіп тұрды. Жұмысқа да орналасты. 2018 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босату уақыты аяқталған соң Александр аса ауыр қылмыс жасаған адам ретінде басқа профилактикалық есепке ауыстырылды. Заң бұзған жоқ. Ішімдік ішпейтін, құрылыстағы жұмысына барып жүрді, күнде анасымен бірге үйінде болатын", - деді Петропавл полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Сейілбек Елжасов.

Ол Лютовтың көп сөйлемейтін жұмбақ адам болғанын, сондықтан бостандыққа шыққан соң бес жылдан кейін қайта қылмыс жасауға оны не итермелегенін болжау қиын екенін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1908272-baq-90-zyldary-qazaqstandy-durliktirgen-manyak-qaita-qylmys-zasady/

pixel